ҚР ИИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті мен БҚО ішкі саясат басқармасы бірлесе мемлекеттік органдар қызметкерлеріне ҚР Мемлекеттік рәміздерін қолдану талаптары мен тәртібіне арналған семинарлар өткізді.
Кезекті семинар Бәйтерек ауданының №1 Мичурин орта мектебінің мәжіліс залында өтті. Оған ауылдық округ әкімдері, білім беру, ішкі саясат бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары және аудан активінің өкілдері қатысты.
ҚР ИИДМ ТРжМК БҚО бойынша департамент басшысы, мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның мүшесі Салават Вахитов қатысушыларды ұлттық стандарттармен таныстырды. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР конституциялық заңында және ҚР ұлттық стандарттарында белгіленген ел рәміздеріне қойылатын талаптар міндетті болып табылады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Н.Назарбаев: «Біз 2025 жылдан бастап біздің алфавитімізді латын әліпбиіне аударуға кірісуіміз керек. Бұл бастама мемлекет негізі — қазақ халқы екенін бірден-бір көрсететін белгіміз, бұл — Елтаңбамыз» деді.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті төрағасының 2018 жылғы 20 қыркүйектегі №272-од бұйрығымен Қазақстан Республикасының СТ РК 989-2014 «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы» №1 өзгерістер бекітілген, ол 2018 жылдың 1 қарашасынан бастап күшіне енді. Осылайша, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасындағы кириллицамен жазылған «ҚАЗАҚСТАН» деген сөз ұлттық стандарттың мәтіні бойынша «QAZAQSTAN» деген сөзбен ауыстырылады. Осы өзгерістер күшіне енгенге дейін кириллицамен жасалған Мемлекеттік Елтаңбалар үшін өтпелі кезең 2022 жылғы 1 қаңтарға дейін белгіленді.
Сондай-ақ Батыс Қазақстан облысы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Гүлдана Аргенова мемлекеттік рәміздерді орналастыру, жарамсыз елтаңбаларды және туларды жою ережесімен таныстырып өтіп, көрсетілген талаптарды сақтамағандарға қолданыстағы заңнама аясында жауапкершілік белгіленетінін айтты.
Диалог түрінде өткізілген семинарға қатысушылар қызығушылық танытқан барлық сұрақтарға жауаптар мен түсіндірмелер берілді. Осындай кездесу Шыңғырлау ауданында да өткізілді. Ұйымдастырушылар бұл жұмыстар Тәуелсіздік Рәміздерін құрметтеуге және дұрыс пайдалануға үйрететініне сенімді.
Семинарды өткізу мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссияның 2019 жылға арналған жұмыс жоспары шеңберінде облыс әкімі, комиссия төрағасы Алтай Көлгіновтың қолдауымен ақпараттық-құқықтық түсіндіру жұмысының нысандары мен әдістерін одан әрі жетілдіру, патриоттық-танымдық бағыттағы іс-шараларды жоспарлы ұйымдастыру мәселесі бойынша қарастырылған.
ҚР ИИДМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің БҚО бойынша департаменті