Бүгін Орал қаласы әкімдігінде өткен дін істері жөніндегі кеңестің отырысында қасиетті Рамазан айына дайындық жұмыстары сөз болды.
Орал қаласы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысын қала әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Бақытжан Нарымбетов жүргізді.
Күн тәртібіне сәйкес алдымен қалалық ақпараттық-талдау және жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық басшысы Болатбек Сахиев баяндама жасап, аталмыш мекеменің дін саласы бойынша жүргізген жұмыстарынан хабардар етті.
Орталықтың негізгі жұмыс бағыттарының бірі – жастарды теріс діни ағымдардан сақтандыру. Осы бағытта екі кеңесші-теолог маман жұмыс жасауда. Биыл олардың қатарын төртеуге толықтыру жоспарланыпты. Әзірге орталық мамандары қолда бар мүмкіндікті пайдаланып түрлі іс-шаралар ұйымдастыруда.
— Ағымдағы жылдың өткен үш айында теолог мамандардың қатысуымен жат ағымның жетегінде жүрген 53 азаматпен жекелеген кездесулер өткізіліп, оларды оңалту жұмыстары жалғасуда. Теологиялық оңалту жұмыстары түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілермен де жүргізілуде. Сонымен қатар орталықта тұрғындарға кеңес беру мақсатында жеке қабылдаулар ұйымдастырылады. Нәтижесінде есепті мерзімде 74 жас теологиялық кеңеске жүгінді. Бірқатар іс-шаралар мешіттерде, базарларда және оқу орындарында ұйымдастырылған, — деді Болатбек Жеткергенұлы.
Бұдан соң сөз алған облыстық дін істері басқармасының басшысы Мақсат Раманқұлов пен қалалық мешіттің бас имамы Мейрамбек Әбдірахманов барша мұсылман асыға күтетін Рамазан айына дайындық шараларының барысы туралы баяндады. Биыл мамыр айына тұспа-тұс келіп тұрған қасиетті мерекеге өңірдегі барлық мешіттер дайындық жүргізуде.
— Бұл мейрамның халықты татулық пен бірлікке ұйыстыратыны мәлім. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Рамазан айына байланысты іс-шаралар жоспарын бекітіп берді. Келесі аптада оразаның нақты кестесі дайын болады. Сонымен қатар жергілікті билік өкілдерімен бірлесе ауызашар беру, мәдени іс-шаралар өткізу секілді түрлі шараларды қолға алатын боламыз, — деді қаланың бас имамы Мейрамбек Ақылбекұлы.
Кеңес отырысында жоғары және арнаулы орта оқу орындарында оқитын діни ұстанымдағы жастармен жұмыс жәйі де айтылды. Сондай-ақ дін саласының өкілдері де өз ой-пікірлерін қосып, баяндамашылардың ұсыныстарын тыңдады.
Қала әкімінің орынбасары, кеңес төрағасы Бақытжан Хаберұлы қала әкімі Рамазан айына байланысты іс-шаралар жоспарын бекіткенін, сол бойынша дайындық шаралары басталып кеткенін мәлімдеді. Сондай-ақ айлардың сұлтаны саналатын Рамазан мерекесін ауызбіршілікпен, қауіпсіз әрі тыныш жағдайда өткізу үшін жұмыла күш біріктіру керектігін айтып, әрбір сала басшысына нақты тапсырмалар міндеттеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА