Бүгін, яғни 23 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласында Тәуелсіздік сарайында «Nur Otan» партиясының кезектен тыс XIX съезі өтуде деп хабарлайды BAQ.KZ тілшілері.
Жиынға Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысуда.
Партияның XVIII съезі биыл 27 ақпан күні өткен болатын. Оның қорытындысы ретінде партияның 2030 жылға дейінгі бағдарламасы қабылданған еді. Ал бүгінгі XIX съезд еліміздің саяси өміріндегі соңғы маңызды оқиға – Президент сайлауына тікелей байланысты. Кеше өткен «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің отырысында бүгінгі XIX съезде партия атынан Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат ұсыну туралы мәселе көтерілген болатын.
Съездің күн тәртібіндегі басты мәселе – алдағы ҚР Президенті сайлауына қатысу үшін партияның атынан үміткер ұсыну. Съезд жұмысына барлық деңгейдегі депутаттар, Саяси кеңестің мүшелері, партия ардагерлері, облыстық филиалдардың өкілдері, бастауыш партия ұйымдары мен «Жас Отан» жастар қанатының белсенділері қатысуда.
Дереккөзі: BAQ.KZ