Осы аптаның сәрсенбісінде бас қосқан Орал қалалық қоғамдық кеңесінің мүшелері биылғы 9 маусымда өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын қолдайтындарын жеткізді.
Алдымен сөз алған қоғамдық кеңес төрағасы Бақытжан Нұрбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ата Заңымызға сәйкес Президент сайлауын мерзімінен бұрын өткізу туралы шешіміне тоқталып, кеңес мүшелерінің пікіріне құлақ түрді.
Еңбек ардагері Абай Мұхитов:
«Халық арасында сан түрлі пікірлер айтылуда. Алайда ел тағдырына алаңдаушылық қай мемлекетте де болады. Мұндай маңызды шешімдер тұрақтылығымыз баянды болу үшін, еліміздің өркендеп дамуы үшін аса қажет», – деген ойымен бөлісті.
Қаладағы №17 орта мектептің директоры Тамара Рудич кезектен тыс Президент сайлауын әріптестерінің де қолдайтынын жеткізіп, саяси науқанға бір кісідей жұмыла қатысатындарын айтты.
Еліміздің тыныштығын, жұртының амандығын тілейтін қоғамдық кеңес мүшелері алдағы саяси оқиғаға көзқарастары оң екенін білдірді. Кеңес отырысы соңында қарар қабылданды.
Ләззат ҚАЖЫМОВА,
А.Сүлейменованың суреті