ӨРТ ҚАУІПСІЗДІГІ – АДАМ ӨМІРІНІҢ КЕПІЛІ

Өрт қауіпсіздігі-қоғам өміріндегі ең маңызды мәселелердің бірі. Өрт-адам өмірі мен денсаулығына қауіп төндіріп қана қоймай, тұрғын үйлерге, өндірістік нысандарға және қоршаған ортаға орасан зор материалдық залал келтіреді.Сондықтан өрттің алдын алу және қауіпсіздік талаптарын сақтау-әрбір азаматтың ортақ міндеті.

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, өрт оқиғаларының алдын алу және тұрғындар арасында өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру бағытында тұрақты түрде профилактикалық жұмыстар жүргізіп келеді.

Әсіресе, жылыту маусымында өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау ерекше маңызға ие. Тұрғын үйлерде пештерді пайдалану кезінде олардың техникалық жағдайын бақылау, мұржаларын уақытылы тазалау, пештің алдына жанбайтын материалдан жасалған төсем орнату қажет. Пешті қараусыз қалдыруға, сондай-ақ оның жанында жанғыш заттарды сақтауға жол беруге болмайды.

Сонымен қатар, электр қауіпсіздігі талаптарын сақтау да өрттің алдын алудағы негізгі шараларының бірі болып табылады. Электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу, қолдан жасалған электр жылытқыштарын пайдаланбау, ақаулы электр жабдықтарын уақытылы жөндеу немесе ауыстыру қажет.

Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуде ата-аналардың жауапкершілігі де ерекше. Балаларды қараусыз қалдырмау, сіріңке мен оттықтарды қолжетімді жерде сақтамау, оларға отпен ойнаудың қауіпті екенін түсіндіру маңызды.

Төтенше жағдай орын алған кезде әрбір азамат дұрыс әрекет ете білуі тиіс. Өрт анықталған жағдайда дереу 101 немесе 112 нөміріне хабарласып, оқиға орнының нақты мекенжайын хабарлау қажет. Ең бастысы-адамдардың өмірі мен денсаулығын сақтау, қауіпті аймақтан уақытылы эвакуациялану.

Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға, тұрмыстағы қарапайым қауіпсіздік ережелеріне немқұрайлы қарамауға шақырады.

Есіңізде болсын, өрттің алдын алу-оны сөндіруден әлдеқайда оңай. Бір сәттік салғырттық орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

Өрт қауіпсіздігі – баршамызға ортақ жауапкершілік!

 

Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *