ТАЗАЛЫҚ ПЕН ТӘРТІП – ОРТАҚ ЖАУАПКЕРШІЛІК

«Әділет» партиясының Батыс Қазақстан облыстық сайлауалды штабының өкілдері Қанат Әуесбай мен Жазира Мұхамбетжанова «Жайық таза қала» кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті.

Кездесуде штаб өкілдері «Әділетті болашақ үшін!» атты 2026–2031 жылдарға арналған өңірлік сайлауалды бағдарламаның негізгі бағыттарын таныстырып, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты басым міндеттерге тоқталды.

Әсіресе, экология, қоршаған ортаны қорғау, қаланы абаттандыру және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне басымдық берілді. Бағдарламадағы «Таза Қазақстан» бағыты аясында тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу үлесін 40 пайызға жеткізу, қалдықтарды жинауға арналған 10 коммуналдық нысан құру, экологиялық талаптарға сай полигондардың үлесін 34 пайызға дейін арттыру көзделген.

Сонымен қатар, 2027–2028 жылдары 3100 бейнебақылау камерасын орнату, 2029 жылға дейін Орал қаласы мен облыстың алты ауданында көшелерді жарықтандыру, 2027 жылы жаңа форматтағы цифрлық кеңсе ашу жоспарлары таныстырылды.

Кездесу барысында еңбек ұжымы тұрғын үй, мектеп, балабақша құрылысы, жол жөндеу, инженерлік желілерді дамыту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне қызығушылық танытты.

Жазира Мұхамбетжанова экономиканы дамыту мен жұмыспен қамтуға бағытталған бастамаларға тоқталып, 2031 жылға дейін 19 700 субсидияланатын жұмыс орнын құру, жыл сайын «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында 61 жобаға дейін қолдау көрсету, агроөнеркәсіп кешенінде 133 инвестициялық жобаны жүзеге асыру және «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 532 шағын несие беру жоспарланғанын атап өтті.

Ал Қанат Әуесбай тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етуде коммуналдық сала қызметкерлерінің еңбегі айрықша екенін жеткізді.

«Өңіріміздің тазалығы мен тәртібі – кез келген ауа райында көшеге шығып, күнделікті қажырлы еңбек ететін жандардың жұмысының нәтижесі. Бағдарламада экология мен коммуналдық инфрақұрылымды жақсартуға басымдық берілген. Бұл – қалдықтарды қайта өңдеуді дамыту, инженерлік желілерді жаңарту, абаттандыру және осы сала қызметкерлеріне қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру», – деді ол.

Кездесу соңында кәсіпорын қызметкерлері өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Штаб өкілдері еңбек ұжымының ой-пікірін тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша бағдарламаның тиісті бағыттарын түсіндірді.

Дайындады: «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Тапсырыс беруші: Бектұрған Б.О.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *