АМАНГЕЛДІЛІКТЕР ЖОЛ МӘСЕЛЕСІН КӨТЕРДІ

«Әділет» партиясының облыстық сайлауалды штабының өкілдері Азамат Сафималиев, Нұртай Жұмашев және Балжан Сұлтанова Тасқала ауданына қарасты Амангелді ауылының тұрғындарымен кездесті.

Кездесу барысында Азамат Сафималиев партияның сайлауалды бағдарламасындағы өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытуға, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жақсартуға және тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған міндеттерге тоқталды. Өз кезегінде Балжан Сұлтанова халықты тұрғын үймен қамту, электр энергиясының тұрақты берілуі және ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Амангелді ауылының тұрғындары үшін бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі — ауылішілік жолдардың жағдайы. Кездесу барысында тұрғындар өздерін толғандырған сұрақтарды ашық ортаға салып, жол инфрақұрылымын дамыту, әлеуметтік нысандардың жұмысын жандандыру және ауылдық мәдениет үйлерінің әлеуетін арттыру қажеттігін айтты.

— «Әділет» партиясының 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасында ауылдық аумақтарды қолдау мен инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту өңірдің ерекше басымдықтарының бірі ретінде айқындалған. Бағдарлама деректеріне сәйкес, Батыс Қазақстан облысында 405 ауылдық елді мекен бар, онда 292,2 мың ауыл тұрғыны — облыс халқының 42%-ы тұрады. Жол саласында жергілікті маңызы бар жолдардың қазіргі 60%-дық нормативтік жай-күйін 2031 жылға қарай 77,5%-ға дейін арттыру көзделген. Алдағы бес жылда облыстық және аудандық маңызы бар шамамен 1 мың км жол жөнделіп, ауылдар мен қалалардағы көшелерді ретке келтіру жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар барлық деңгейдегі жолдарды жөндеу сапасына тұрақты бақылау жүргізу бағдарламаның негізгі талаптарының бірі ретінде көрсетілген. Электр желілері мен тұрғын үй мәселесі де назардан тыс қалмаған. Облыс бойынша ұзындығы 16,6 мың км-ден асатын электр желілері мен қосалқы станциялардың тозуы 75,4%-ды құрайды, сондықтан желілердің апаттылығын төмендету және жаңарту жұмыстары үздіксіз жүргізілетін болады. Тұрғын үй бағытында 2031 жылға дейін барлық көздер есебінен 3,97 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, ауылдарда кезектегілер мен тұрғындарды қолдау үшін дайын үйлер сатып алу және жаңа баспана қорын кеңейту жоспарланған, -деді спикерлер.

Амангелділіктер көтерген әлеуметтік нысандар мен мәдениет үйлерінің әлеуетін арттыру мәселесі де ауыл өмірінің маңызды бөлігі. Бағдарламада «Ауыл — Ел бесігі» жобасы аясында тірек және іргелес ауылдарда әлеуметтік, инженерлік және көлік нысандарын салу, жаңғырту және жөндеу жұмыстарын жалғастыру көзделген. 2027–2028 жылдары ауылдық мәдениет үйлерін күрделі жөндеу қолға алынып, 2031 жылдың соңына дейін 11 аудан мен Орал қаласында 17 мәдениет нысаны жөнделіп, салынатын болады.

Сонымен қатар ауылдық аумақтарда кәсіпкерлік пен еңбек мүмкіндіктерін кеңейтуге «Ауыл аманаты» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы қолдау көрсету жалғасады. Партия ұстанымы бойынша, бағдарламадағы әрбір міндеттеменің орындалуына мәслихат депутаттары жеке жауапкершілікпен қарап, жыл сайын тұрғындар алдында есеп беретін болады.

Дайындады: «Әділет» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының баспасөз қызметі

Тапсырыс беруші: Бектұрған Б.О.

Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді.

Оставьте ответ

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *