Қазақ халқында «Отан отбасынан басталады» деген асыл сөз бар. Алайда сол отбасыны ортаймас ырысқа, шапағат-шуаққа бөленуге бүкіл ғұмырын сарп ететін бір ғана жан ол ана. Ана жүрегінде әлемнің бар мейірімі жиналған, ол әлемдегі ең ардақты жан. Ана ұғымына арналған көптеген нақыл сөздер бар, әлемнің барлық ұлттары өз аналарын қадірлеп қастерлеп құрмет тұтқан.Сол себепті де отбасымен қатар, отанына аналық міндетіне адал әйел затының ұлылығына бұдан артық балама табу мүмкін емес! Сондықтан да қазақ халқы әрқашанда қыз баланы мәпелеп әлпештеп, қанаттыға қақтырмай тұмсықтыға шоқтырмай өсірген. Жалпы айтқанда қыз баласына ерекше тәрбие беріп, құрмет көрсеткен. Ал, бүгінде әрбір ортаға жылулық сыйлайтын бұл жандарға арнап 8 наурыз халықаралық әйелдер күні болып бекітілген.
Көктемнің жайма шуақ күнінде бәйшешектер бүр жарып, айналаға көктем нұры шашылған сәтте келетін бұл мейрам барша әлемге жылулық пен сұлулық сыйлайды. Сол себепті де кез келген әйел ол көктемнің керемет көрінісі сияқты сұлулықтың символы болып табылады. Ал, бүгінде сұлулықтың символы бола білген бұл асыл жандар қазіргі уақытта көптеген салада қызмет етуде. Ер азаматтармен бірге иық тиеп қызмет ететін арулардың қоғамдағы рөлі қашанда маңызды болып келеді. Осылайша еліміздің қорғаны бола білген Ұлттық ұлан әскерінің 10 пайыздан астамын осы нәзік жандылар құрайды. Бүгінгі біздің кейіпкерімізде осы 10 пайыздың ішіне кіретін ардақты жан. Отбасымен қызметін қатар алып, аяулы жар, сүйікті келін сонымен қатар отанының қорғаны болып жүрген жан.
— Армысыз Асель Маратқызы, қазіргі кезде еліміздің қалқаны бола білген Ұлттық ұланның қызметкері екенсіз. Барлығымыз білетіндей алдымызда 8-наурыз халықаралық әйелдер мерекесі келе жатыр. Ең алдым келе жатқан мейрамдарыңыз құтты болсын. Жалпы бүгін сіз бізге ең алдымен өзіңізді қалыптастырған орта, яғни өзіңіздің отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
— Армысыз, ең алдымен көп көп рақмет құттықтап жатқаныңызға. Өзімнің отбасым туралы айтып өтсем. Мен, 1982 жылы 18 ақпанда еліміздің оңтүстігінде орналасқан Алматы облысының Қаракемер кентінде әскери отбасында дүниеге келгенмін. Әкем Марат пен анам Айша сол жылдардағы еліміздің астанасы болған Алматы шаһарындағы 7552 әскери бөлімінде қызмет еткен. Ал, мен үйдің ортаншысы болдым десекте болады. Алдымда арқа сүйер ағам және артымнан ерген екі сіңілім мен бір інім бар. Үйдің үлкен қызы болғандықтан, бала кезімде әкем мен анам көп көңіл бөлетін. Әрдайым «сен біздің үлкен қызымызсың ағаңның айтқанын тыңдап, артыңнан ерген сіңлілерін мен ініне қамқор бол» деп жол сілтейтін. Көп адамдар әскери отбасында темірдей тәртіп қалыптасқан барлығы қатаң деп ойлайды. Алайда, менің әкем мен анам өте ақкөңіл керемет жандар. Бала кезімізде жұмыстан қолы босай қалса бізге көңіл бөліп, әртүрлі жерлерге қыдыртатын. Бірақ дегенмен тәрбие мен тәртіп біздің үйде ең жоғарғы дәрежеде қаралатын. Әрине, әскери отбасында ең биік тұратын құндылық ол тәртіп екені де рас. Әкем мен анамның маған берген тәртібінің арқасында дәл қазір осындай үлкен және абыройлы қызметте жүрмін. Алайда, шындығына келсек бала кезімде мен өнерді жан тәніммен сүйетінмін. Қазақ эстрадасының жұлдыздарын сүйіп тыңдап, «менде осындай үлкен сахнаға шықсам ғой» деп армандайтынмын. Балалық шақ шыныменде ең керемет кезең емес пе шіркін! Арман мен қиялға ерік беріп өзімді осылайша әртүрлі маман иесі ретінде көретінмін.
— Иә, әрине балалық шақ адам өміріндегі ең керемет кезеңдердің бірі. Алайда өмір бір орында тоқтап қалмайтыныда бізге мәлім. Бала шағыңыз үлкен сахнаны армандаумен өтіпті. Бұл арман мектеп қабырғасында өз жалғасын тапты ма?
— Иә, бұл арман мектеп қабырғасында өз жалғасын тапты. Өзім Қаракемер кентіндегі орта мектепте білім алған болатынмын. Мектеп қабырғасына келген сәттен бастап, ең алдымен білімге зейін қойып қосымша өнерді алып жүретінмін. Мектепте ұйымдастырылған әртүрлі мерекелік шараларда жүргізуші болып оған қоса ән шырқап өзімді бар қырымнан көрсететінмін. Сонымен қатар, мектепте оқып жүргенімде ұлтымыздың ұлылығын арттыру мақсатында ұлттық аспабымыз домбырамен ән шырқайтын едім. Ән айту мен үшін бұйырған бақ пен қатар өз еңбегімнің нәтижесі. Ән айтқан кезімде құлағымның құрышы қанып, көңілім бір марқайып қалады. Өмірімнің бұл кезеңінің басты кейіпкерлері мектебімдегі мұғалімдерім деп білем. Себебі, сол кісілердің арқасында өнер атты киелі әлемге аяқ бастым. Көптеген аудандық, қалалық, облыстық ән байқауларына қатысып жүлделі орындар алатынмын. Сонымен қатар, мектепте оқып жүргенде кітап оқығанда қатты ұнататынмын. Мұхтар Әуезовтың, Абай Құнанбаевтың шығармаларын оқып ақын жазушыларымыздан үлгі өнеге ғибрат алатынмын. Білім мен өнерге деген құлшынысымның арқасында өз қатарластарымның арасында үлгілі оқушы болдым. Осылайша мектеп қабырғасында оқып жүргенде мені «болашақта кім боламын?» деген сұрақ аса қатты мазаламайтын. Бала кезімнен өнерге жақын болғандықтан әрдайым сұраған жандарға мен өнер адамы боламын деп жауап қататынмын. Бірақ қарап тұрсақ өмір деген қызық дүние ғой әркімнің тағдыры әртүрлі арнамен жүреді. Менің де тағдырым басқаша бағыт бағдарды мектеп қабырғасын аяқтаған сәттен басталды.
— Шыныменде өте қызық екен. Тұла бойыңыз өнерге тола тұра сіздің әскери салаға қалай келгеніңіз қызық. Мектепті аяқтаған соң қайда оқыдыңыз? Әскери салаға қалай қадам бастыңыз?
— Иә, өмірімнің арнасы мені ойланбаған жеріме алып келді. Алайда әскери сала мен үшін бақ боп бұйырды десемде артық етпес. Мектеп қабырғасын аяқтаған соң, мен өзімнің арманымның артынан еріп Алматы қаласындағы әйгілі Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына аяқ бастым. Оқуға түсу мен үшін аса қиындық тудырған жоқ, себебі бойымда қалыптасқан өнердің арқасында осы оқу орнына келгендіктен мен өзіме барынша сенімді болып бірінші мүмкіндігімнен тапсырып кеттім. Өнер академиясына аяқ басқанда мені ең алғаш болып, Зейнеп Қойшыбаева ұстазым қарсы алған болатын. Алғашқы ұстазымның арқасында мен өнер академиясына оңай үйреніп, өзімді бар қырыммен көрсете бастадым. Көптеген ән байқауларына қатысып, мерекелік іс-шараларда өнер көрсете бастадым. Сонымен қатар өнер академиясында оқып жүрген шағымда, Әуезов театрының киелі сахнасына шығып өзімнің актерлік шеберлігімді арттырған болатынмын. Осылайша өнер академиясы менің өмірімдегі арманға алғашқы қадам бастаған жерім болып қалады. Ал, енді әскери салаға келуім туралы айтар болсам бұл өте қызық оқиға десек те болады. Өнер академиясында оқып жүрген шағымда мен өзімнің болашақ жарымды жолықтырған едім. Сол кезде менің болашақ жарым әскери салада қызмет атқарып жүрген жан еді. Академияның 3-курсына аяқ басқанымда маған барлық қыз атаулысы армандайтын «маған тұрмысқа шығасың ба?» сөзі айтылған болатын. Осылайша мен 3-курс кезінде тұрмысқа шығып отбасылы болдым. Тұрмысқа шыққан соң, өнер мен отбасыны бір дәрежеде алып жүру қиындық туғызды. Осыған байланысты мен арманымды бір шетке ысырып, өзімнің болашағымды құрған адаммен жаңа арман мақсаттарға қадам бастым. Тұрмыс құрған соң, жаңа жұмыс орнын іздей бастадым. Өзім әскери отбасында тәрбиеленгендіктен өзімнің мінезіммен, әскери салаға тез бейімделетінімді білім әскери салаға аяқ басамын деп шештім. Осылайша, өзімнің алғашқы жұмыс орным болып ата-анам жұмыс жасаған 7552 әскери бөлімшесіне қойма басшысы лауазымына кірістім. Әскери салаға келуімніңде қызығы мен шыжығы осыда десем де болады. Әскери салаға аяқ басқан соң өзімнің күйеуіммен бір салада қызмет етіп, еліміздің көптеген қалаларына көшіп жүрдік. Тек Қазақстанның қалаларында ғана емес, күйеуімнің жұмысын ауыстыруына байланысты Ресейдің Мәскеу қаласында да тұрған кезіміз бар. Ал, биыл менің әскери салада қызмет еткеніме 15 жылдың жүзі болады. Қазір, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінде кітапхана басшысы қызметін атқарамын.
— Тағдыр адамды сан түрлі жерге апара алатын жалғыз ғана жол екендігі рас екен. Өнерде жүрген шағыңыздан әскери салаға келуіңіз нағыз батылдық десек те артық айтқанымыз емес. «Әскери сала әйел адамға тән емес» деген ұғым бар екені сізге де мәлім. Бұл ұғымға деген сіздің көзқарасыңыз қандай?
— Менің ойымша заман өзгерген сайын адамдардың ойлары да өзгереді. Мәселен осыдан 15-20 жыл бұрын бұл ұғым өте актуалды болғаны рас. Алайда, уақыт өзгерген сайын «әскери сала әйел адамға тән емес» деген ұғымда бірте-бірте ескіріп барады. Қазіргі заман ағымында әскери салаға ер адамдар мен қатар әйел адамдарда қызмет атқаруда. Елімізде әйел адамның сны көп салалардың бірі де осы әскери сала. Сондықтан да оларды тек медицина, байланыс, қаржы немесе басқа да кеңседегі жұмыстарда қызмет атқарады деп ойлау мүлдем қате. Иә, бұл салаларда әйел адамдар өте көп. Дегенмен әскери салада да әйел адамдардың саны артып жетерлік. Мәселен, тек жаңа ғасырда ғана емес, Ұлы отан соғысы жылдарында да ерлермен қатар ел намысын ту етіп қан майданға аттанған қазақ қыздарының ерлігі де жетерлік. Сонымен қатар елімізде генерал әйел бар екендігі де теріске шығарылмайтын факт. Ол 2013 жылы генерал атағын алған Сәуле Мұханбедианқызы. Сол себептен де әскери сала дәл қазір әйел адамдарға да тән келеді.
— Иә, әрине өте дұрыс айтасыз әскери сала қазіргі уақытта адамды бөліп жармайды. Елін, жерін қорғаймын деген әрбір адам бұл салаға аяқ баса алады. Алайда, әскери сала әйел адамдарға ауырлық тудырмай ма?
— Әйел адамдарға әрине оңай емес. Алайда әлемде оңай жұмыс жоқ. Әрбір жұмыстың өз қиыншылықтары бар екені де рас. Әскери сала физикалық күшті талап ететін сала. Алайда, бұл саладағы көптеген ауыртпашылық ер адамдарға түседі. Біз үшін бұл саланың қиындығы аса көпте емес. Әскери салаға мінезі бейім адамдар келеді. Сондықтанда сынақ пен қиындық сөздері ол жандар үшін қорқыныш пен үрей тудырмайды. Өзімді мысалға ала отырсам, жұбайыммен өзім әскери сала қызметкерлері болғандықтан барлық адамдар біздің отбасымызда қиындық туындайды деп ойлайды. Алайда, бұл жалған дүние әскери салада қызмет жасасақ та отбасы мен отанды қатар алып жүрген жандармыз. Мен үшінде жұмысымнан келіп балаларымен көңіл бөлу қиын емес. Әр демалысымды мен өз отбасыма арнап балаларымның қуаныштарына ортақ болуға тырысам. Сондықтан айтарым, әйел адамдарға әскери сала қиындық тудыра бермейді. Үй шаруасымен қатар иығына пагон тағып, әскери салада абыройлы қызмет етіп жүрген қаракөз қыздарымыз осы сөзіме дәлел – деп кейіпкеріміз өз сөзін аяқтады.
— Міне, керемет әскери салаға жан-тәнімен берілген жан екенсіз. Осындай қайтпас мінезіңіз бен мықты жүрегіңіздің арқасында әскери салада абыройлы қызмет етіп жүргеніңіз көрінеді.
Осылайша бүгінгі біздің кейіпкеріміз Балғымбаева Асель Маратқызы нәзік жандылар арасында әскери саланың майталманына айналған жандардың бірі. Халқымыздың сан ғасырдан бері даналығына құлақ асып «Адамның бақыты балада деген екен» сөзді жітік ұстануда. Өзінің Ерден есімді жұбайымен бірге отбасын құрып қана емес отаның қорғап өздерінің арттарынан ерген ұл-қыздарына үлгі болып жүр.
Әкесі мен анасының әскери салада қызмет атқаруының арқасында бүгінде ұлдары Әлішер де бұл жолды жалғастыру мақсатында Алматы қаласындағы әскери академияда оқып жүр. Ал, әскери отбасынан шыққан кейіпкеріміз ата-анасының жолын жалғаған жалғыз жан емес. Ағасымен қатар арттарынан ерген бауырлары да ата-ана жолын жалғап әскери салада абыройлы қызмет атқарып жүр.
Әскери сала тек ерлердің қызмет жасайтын орны ғана емес. Отаның қорғаймын деген әрбір адамға Ұлттық ұланның есігі ашық. Ерлер мен қатар әйел адамдардың бұл салада қызмет атқаруы көңіл қуантары анық. Ал біз бүгін, ерлермен қатар отаның қорғап әскери саланың майталмандары болып жүрген нәзік жандыларды алдағы келе жатқан 8-наурыз Халықаралық әйелдер күнімен құттықтай отырып, отбасыларына байлық, бақыт, береке, дендеріңе саулық, абыройлы қызмет атқаруларын тілейміз.
Лейтенант Бақдәулет Манарбек