Оралда «Имам барысы» сайысы өтті

   

   ҚМДБ-ның БҚО бойынша өкілдігінің бастамасымен Орал қалалық Мұхаммед Ғариф Түлбаев атындағы мешітінің ұйымдастыруымен аталмыш шаһардағы «Жекпе-жек» спорт кешенінде Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Имам барысы» атты қазақ күресінен турнир өтті.

 Алдымен  әнұран шырқалып,  Орал орталық мешітінің бас имамы Бақытжан Сабралиев сөз алып, «Атқа міну, садақ ату, күрес пен жүгіру – созылмалы аурулардың бірден-бір дауасы» екендігіне тоқталып, сүйікті Пайғамбарымыз (с.ғ.с) спортқа оң баға бергенін атап өтіп, ұйымдастырылып жатырған турнирге, жарысқа қатысушы палуандарға сәттілік тіледі.

Салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынығумен айналысу аса қажет. Өйткені, ол – қуат. Дене қуаты, ой ұшқырлығы, иман қуаты ер жігіттің көркемдігі. Спорт нәпсінің құлдығынан сақтайтын ең жақсы жол. Спорт – Алланың қойған парыздары мен білім үйренуден кейінгі ең абзал әрекет. Спорт адамға кішіпейіл, кешірімді болуға, сәттіліктер мен жеңісті қарапайым қабылдап, тәкаппарланбауды үйретеді. Осыған қоса, басқа түскен қайғылар мен жеңілістерге қарсы сабырлыққа бейімдейді деп, жиналғандарды салауатты өмір сүрудің маңызын насихаттады.

Тұңғыш рет өткізілген имамдар арасындағы қазақ күресі сайысына  қала, аудан, ауыл мешіттерінің  имамдары мен  ұстаздары қатысты. Турнирге 19 имам екі салмақта, яғни түйе және өгіз палуан дәрежесінде белдесіп бақ сынасты.  Жарысқа жиылғандар  алаңға шыққан әр палуандарға жанкүйер болып, палуандар күрестің амал-тәсілдерін шебер қолданып, төрешілердің  төрелік  ұпайымен бағаланды.

«Имам барысы» турнирінің  түйе палуан атағын Жаңақала ауданының наиб имамы Алтынбек Болатов (Жаңақала ауданы) иемденсе, екінші орынды  Бақытжан Бектияров (Орал медресе-колледжі)алып, үшінші орын Еркінбек Ебелекқажиевке (Теректі ауданы) бұйырды.

Өгіз палуан атағын Тәжиден Батырұлы атындағы Орал қалалық  мешітінің наиб имамы Әсет Романқұлов қанжығасына байлап,  екінші орын  Ержан Темірешев (Казталов  ауданы) алса, үшінші орын Нұрәлім Қисметовке (Жаңақала ауданы) бұйырды. 

 Екі палуан да Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы тапсырыспен жасатылған «Имам барысы» белбеушесімен марапатталды. Аталмыш шарада жүлделі орын алған жеңімпаздар ақшалай сыйақылары мен облыстық спорт комитетінің дипломына ие болып, медальдарымен марапатталды.

 Сондай-ақ турнирге қатысқан барлық палуандарға атымтай жомарт жандар қаржылай сыйақы табыстады. Жеңімпаздарға марапаттарды БҚО бойынша бас имамы Бақытжан Құралбайұлы, БҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Бауыржан Беғайдаров, БҚО қазақ күресі ассоциациясының президенті Әсет Сұлтанұлы табыстады.

 Сонымен қатар турнир төрешілеріне Бақытжан Құралбайұлы  алғысын білдіріп, Қасиетті Құран кітабын сыйға тартты.

Турнир соңында жарысқа қатысқан палуандарға және қонақтарға дастархан жайылып,  Мұхамед Ғариф Түлбаев атындағы мешітінің бас имамы  Қажымұқан Ғилманов турнирдің жоғары дәрежеде өтуіне атсалысқан спорт саласының азаматтарына, демеушілік жасаған атымтай жомарт азаматтарға, Ақжайықтың имамдарына,  мешіт ұжымына, Бағдат Шақаевқа алғыс айтып ризашылығын білдірді.

 ҚМДБ-ның БҚО бойынша баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *