Батысқазақстандық самбошылар Азия чемпионатында 6 медаль еншілеп,елге жеңіспен оралды.
Өзбекстанның Ташкент қаласында самбо күресі және жауынгерлік самбодан балалар мен ересектер арасында өткен Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Чемпонатта 15 мемлекеттің спортшылары бақ сынаған.
Нәтижесінде ауыр салмақта жерлесіміз Темірлан Көлбай жеңіске жетіп,чемпион атанды.Сондай-ақ, 64 келі салмақта Қазбек Сұпығалиев пен 71 келі салмақта Нұрбол Серіков күміс жүлдеге ие болды. Ал Әділбек Сейісов (64 келі),Риза Сүлейменова(72 келі),Замир Хамзин (98 келі) сынды спортшыларда үздіктер қатарынан көрініп, қола жүлдеге ие болған.
Осылайша, Азия чемпионатының қорытындысы бойынша батысқазақстандық спортшылар 1 алтын, 2 күміс және 3 қола медаль еншіледі.
Бүгін елге оралған облыс құрамасын жерлестері күтіп алды.
Самбошыларды күтіп алуға келген Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының жоғарғы жетістіктер бөлімінің басшысы Нұрлан Қазимов оларды жеңістерімен құттықтады.
Сіздерді жеңістеріңізбен Батыс Қазақстан облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есенаманұлының және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын. Шығар шыңдарыңыз көп болып,ел абыройын асқақтата беріңіздер, — деді Нұрлан Тұрланұлы.
Сонымен қатар, жеңіспен оралған спортшыларға Бөрлі аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Армат Исанов, БҚО бойынша спортық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Рустам Шайхиев, Орал қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Артур Шерғалиевтер ақ тілектерін арнап, тілеулестіктерін білдірді.
Батысқазақстан облысының құрама командасын жарысқа дайындап апарған ҚР самбо күресінен аға жаттықтырушысы Райбек Меңдіғалиев Азия чемпионатының жоғары деңгейде өткенін жеткізді. Ал Азия чемпионатының жеңімпазы атанған Темірлан Көлбай жеңістің оңайға соқпағанын айтады.
Жарыста үш белдесу өткіздім. Алғашында екі тәжік палуанымен, финалда өзбек палуанымен белдестім. Финал тартысты өтті. Алла қолдап, жеңіс маған бұйырды. Бұл барша тілеулес жандар мен жаттықтырушылардың үлкен еңбегінің арқасы деп білемін, — дейді Темірлан Нұртасұлы.
Айта кетейік, аталмыш чемпионатта Қазақстан құрама командасы ересектер арасында — екінші, әйелдер арасында — бірінші, жастар арасында — екінші, жасөспірімдер арасында — үшінші орынға ие болды.