23 сәуір – Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні. Кітап рухани байытады, ой мен сөздік қорды дамытады, үлкен, әлемді танып, білуге көмектеседі, есте сақтау мен зейінді жақсартады.
Осыдан бір жыл бұрын Оралдағы NIS-те ата-аналармен бірлескен «Тәрбие әлемі» кітапсүйерлер қауымдастығы құрылды. Жобаның алғашқы айларында педагог, ата-ана және кітапханашылар үштігі бала тәрбиесіне қатысты арнайы әдебиеттерді оқып, өзекті мәселелерді талқылау алаңын құрса, қазір жобаға оқушылар да қосылды. Жоба виртуалды режимде бірлескен талқылаулар, шығармашылық тапсырмаларды бірге орындау, буктрейлер, цитаталық жоспарлар кестесі және оқу формасының басқа да инновациялық формалары арқылы жүзеге асырылды. ⠀
– Бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ана байланысы өте маңызды. Ол үшін екі тарап бірлесіп психологиялық-педагогикалық және әдістемелік әдебиеттерге жүгінуді жөн санадық. Жобаның басында таңдап алынған әдебиеттер қатарында Дж. Готтман, Дж Деклердің «Баланың эмоционалды интеллекті», Г. Чепменнің «Баланың жүрегіне 5 қадам», Дж. Грэйдің «Аспан балалары» сияқты шетелдік әдебиеттермен қатар Зейнеп Ахметованың «Бабалар аманаты», Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүниесі» секілді ұлттық шығармаларымыз болды, – дейді мектеп директоры Айдарбек Айтпукешев.
Кітапсүйерлер клубының белсенді мүшесі, 8-сынып оқушысы Әлихан Исетовтың анасы Айгүл Сапарова жобаның ⠀отбасылық оқуды жандандырып, оқу мәдениетін дамытуға зор мүмкіндік бергенін айтады.
Ал «Ақжайық» шаңырағының оқушылары мен ата-аналары бірлесіп оқу үшін Ұлы Отан соғысы тақырыбындағы шығармаларды, атап айтсақ, Ольга Громованың «Сахарный ребенок», Эммануил Казакевичтің «Звезда» және Анатолий Приставкиннің «Ночевала тучка золотая» еңбектерін таңдапты.⠀Қатысушылар дәл осы кітаптар жас оқырмандарды патриоттық сезімге тәрбиелейді, өз халқына деген мақтаныш сезімін оятып, Отан алдындағы жауапкершілік және мейірімділікке бастайтынын айтады.⠀
Кітап күні қарсаңында отбаслық оқудан шабыттанған шаңырақ оқушылары әлеуметтік желіде пікірлерін қалдырып, шығармашылық жұмыстарын арнады. Жоба келесі оқу жылында да жалғасын таппақ.
НЗМ-нің Орал қаласындағы баспасөз қызметі
⠀