Бүгінгі таңда «Жасанды интеллект» бізді барлық салада жаңа мүмкіндіктермен қамтамасыз ете отырып, адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналып келеді. Ғылыми-фантастикалық әдебиеттер мен фильмдерде «жасанды интеллектті» бізге әлемді жаулап алуға бағытталған өте ақылды роботтар түрінде көрсетеді. Жасанды интеллект саласындағы алғашқы зерттеулер өткен ғасырдың 50-ші жылдарында басталғанымен, бүгінгі таңда адамзат мақтана алатын маңызды жетістіктерге ие, бірақ бұл кезеңде «жасанды интеллект» айтарлықтай ақылды емес және ешқандай қауіп төндірмейді.
«Жасанды интеллект» деген кезде көптеген адамдар бізден алыстау нәрселерді, «Батысты» елестетеді, сонымен қатар күн сайын «Ok, Google, ертеңгі ауа-райы» немесе «Сәлем, Siri…» деген сөздерді еш күмәнсіз айтады. «Жасанды интеллектке» деген сұраныс өмірдің барлық салаларында, атап айтқанда, денсаулық сақтау, сауда, өндіріс және өнеркәсіп, спорт және білім беру және т. б. бар. Оған жарқын мысал egov.kz электрондық үкімет сайты бола алады, аталған сайт арқылы біз үйден шықпай-ақ өтініш беріп, электрондық цифрлық қолтаңбаны ала аламыз. Сіз құжаттарыңыздың фотосуреттерін жүктейсіз, содан кейін олар сізді веб-камера арқылы суретке түсіреді, одан кейінгі іс-әрекеттер жасанды интеллекттің қатысы бар деректерді тексеру мен салыстырулардан тұрады.
Заманауи онлайн-дүкендерде өзіңіз туралы мәліметтерді енгізуге мүмкіндік бар, ал «жасанды интеллект» сіз енгізген ақпаратқа сүйене отырып, сізге қолайлы позицияны таңдайды. Бүкіл әлемдегі қазіргі жағдайға байланысты денсаулық сақтау саласын да айналып өту мүмкін емес. Өткен жылдың сәуір айында Қазақстан коронавирустық инфекциямен күресу мақсатында Кремний алқабында әзірленген жасанды интеллект пайдалануға мүмкіндік алды. Оны деректерді жинау, вирустың таралуы мен эпидемиологиялық жағдайларын, коронавируспен ауыратын науқастарды басқару тактикасын және вирустың алдын алу шараларын салыстырмалы талдау және аурудың халық арасында таралуын болдырмаудың тиімді әдістерін жасау үшін қолданады. Сонымен қатар диагнозды анықтау үшін жасанды интеллект қолданылады. – «Бұл қалай?» деп сіз сұрайтын боларсыз. Науқастың тарихы мен талдау нәтижелері енгізіледі, содан кейін жүйе осы деректерге сүйене отырып (тіпті рентген және КТ суреттері негізінде) диагноз қояды.
Біздің өңірде, әрине, жасанды интеллект өмірдің әртүрлі салаларына енгізіледі. Әртүрлі масштабтағы конкурстардан оқушылар мен студенттердің табысты стартаптарын жиі көруге болады, олардың арасында халықаралық ауқымда жүлделі орындарға ие болғандар да аз емес.
Сондай-ақ көптеген білім беру мекемелерінде жасанды интеллект пен нейрондық желілермен байланысты осы дамып келе жатқан салаға әр түрлі жастағы білім алушыларды тартуға бағытталған робототехника үйірмелері мен курстары ұйымдастырылған. Мұндай курстарда білім алушылар датчиктерден, чиптерден, қозғалтқыштар мен басқа да механизмдерден, бөлшектерден тұратын және белгілі бір жұмыс түрін өз бетінше немесе қашықтан басқаруға арналған роботтық жүйені немесе олардың қысқартылған прототиптерін жасайды.
Біздің университетімізде түрлі конструкторлармен және 3D принтермен жабдықталған робототехника сыныбы бар, онда робототехника бойынша сабақтар мен курстар өткізіледі, ал оған кез келген курс студенттері қатыса алады. Біз олардың әрқайсысына үлкен үмітпен және сеніммен қараймыз, өйткені бұл студенттердің бірі біздің жұмысымызды жеңілдететін, ал өмірімізді жақсартатын «алғаш ашушы» болуы мүмкін.
Гаухар Камалова
Айнұр Базарбаева,
Ақпараттық технологиялар жоғары мектебі
Жәңгір хан атындағы Батыс-Қазақстан аграрлық-техникалық университеті