Ұлттық қолөнер – эстетикалық тәрбие негізі


Дәл осындай атаумен жуырда Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК қарасты «Жас қыран» балалар аула клубының ұйымдастыруымен «Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК қарасты балалар аула клубтары мен комьюнити орталықтарының қолөнер үйірме жетекшілері арасында «Ұлттық қолөнер – эстетикалық тәрбие негізі» атты онлайн шеберлік сабағы өтті.

«Өнер таусылмас азық, жұтамас байлық» дейді халық даналығы. Қазақтың қолөнері де сарқылмас бұлағы. Қолөнер көркемдік мән-мағынасымен халқымыздың ғасырлар талғамынан өткен асыл қазынасы. Халық өнері – халық даналығының жемісі.Әрбір адам өз бойына даналықты халықтан, ақиқатты табиғаттан, шеберлікті еңбеккерліктен сіңіреді. Халық өнерінің туындыларын кеңінен пайдалану, оларды дамытып, шығармашылықпен еңбектену қажеттігін өмір талап етуде. Біз көркемдік пен эстетикалық тәрбиені халық өнерінен үйренеміз, сол арқылы жаманды жақсыдан ажырата аламыз. Асыл қазына болып саналатын көне мұраларымыздың бірі – ұлтымыздың дәстүрлі қолөнер мәдениеті. Қазақ халқының тұрмысында қолөнер ерекше орын алған. Қазақ қолөнері көне тарихымызбен бірге қайнасып келе жатқан бай қазына. Ата-баба өнерлерінің қай түрі болсын қасиеттеп, қадірлей, пір тұтып, көздің қаршығындай аялап сақтай білген халық. Қазақ халқының қолөнері деп халық тұмысында жиі қолданылып, әр түрлі материалдарды пайдаланып, олардан тоқу, өру, кестелеу, тігу, құрастыру, мүсіндеу, бейнелеу тәсілдері арқылы орындалатын өнер жиынтығын айтады. Қазіргі таңда күні бүгінге дейін өзінің ата дәстүрін құрметтеп, өзінің ата кәсібі ретінде қолөнер шеберлері оларды дамыта отырып қайта жаңғырту үстінде. Халық қолөнері түрлеріне әдет-ғұрып жабдықтарымен бірге аң аулауға, мал өсіруге, егіншілікке қажетті құрал-жабдықтар мен қару-жарақтар жасау өнері де кіреді. Киіз үйдің сүйектері, ағаштан дайындалған үй жиһаздары – сандық, жүк аяқ, асадал, кебеже, ағаш кереует, жүннен дайындалған үй бұйымдары: кілем, құрақ құрау, қайыс өру, таспа өру, жүген, ши тоқу, бесік жасау, келі-келсап, күбі, ыдыс-аяқтар қолөнер шеберлері әр түрлі ою-өрнектермен нақыштап безендіре білген.  Қазақ халқының қолөнері – барынша дамыған, бағалы әрі мол мұра. Өсіп жатқан жас өркін үшін оның танымдық әрі тәрбиелік мәні зор.

Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізіп, халқымыздың рухани мұрасын зерттеп, зерделеуге көңіл бөлініп, әдет-ғұрыптарымыз, салт-дәстүрлеріміз, ұлттық өнеріміз өз алдына дербес сала ретінде қалыптаса бастағаны баршамызға мәлім. Қай заманда болмасын адамзат баласының алдында тұратын ұлы мақсат – мұраттарының ең бастысы – өз халқының, өз ұлтының тәжірибесін жалғастыратын салауатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу.  


Шеберлік сабағы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында қолөнерді үйрету арқылы ата-бабадан қалған салт-дәстүрімізді құрметтеуге, халқымыздың қолөнерін дәріптеуге тәрбиелеу және тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылды. Шеберлік сабақты «Жас қыран» балалар аула клубының «Сиқырлы өрнек» қолөнер үйірмесінің жетекшісі Мырзагалиева Маржан Исатайқызы жүргізді. Шеберлік сабағы барысында қолөнершілер қазақ халқының төрт түлігінің бірі – түйені жасауды үйренді.  

Қазақ халқының қолөнеріндегі кеңінен тараған қолөнер түрлерін келер ұрпаққа таныстыру, осы бағытта баули отырып, эстетикалық тәрбие беру, жастарды халық қолөнерінің көп ғасырлық үрдісіне негіздеу қалыптастырылады. Егеменді қазақ мемлекетінің болашақ ұрпақтарының сана-сезімін, ұлттық психологиясын, оны сонау ерте замандағы ата-бабалар салт-дәстүрімен, мәдениетімен сабақтастыра отырып, халықтық қолөнерін сақтап қалуға тәрбиелеу – ұлтжанды ұлағатты ұстаздардың абройлы ісі.

«Өнер көзі халықта», «Халықсыз өнер, өнерсіз халық жоқ», оны балаларға үйретіп, іске асыру біздің парызымыз. Бұл балалардың өмірге бейімдеп, кәсіптік мамандық меңгерудің алғы бастамасы деп білеміз.

Назгүл Жұмен,

«Мәдени-ағарту бірлестігі» МКҚК қарасты «Жас қыран» балалар аула клубының үйірме жетекшісі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *