«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының Х Наурыз кездесулері биыл онлайн форматта өтті.
Жас ғалымдарға арналған NIS-тің ең ауқымды диалогтық алаңында Зияткерлік және жалпы білім беретін мектептерден 380-нен астам оқушы жиналды.
Шараның ресми ашылуына дейін оқушылар жер шарының жасыл болашағына әр адам жауапты екенін еске салатын экологиялық челлендж жариялады.
Жасыл шаралар легінде «Планета және пластик: адамзат экомәдениеті»: экологиялық тақырыптарға арналған ғылыми жобалардың вебинарлары, тренингтері мен байқаулар, робот-қоқысшыны құрастыру бойынша командалық жұмыс, полиэтилен қалдықтарын қайта өңдеу технологиясы» бейне туры, әйгілі National Geographic фотографы Мэнди Баркердің «Planet or Plastic» онлайн-көрмесі болды.
IX Наурыз кездесулерінде өз жобасын таныстырып, жүлделі оралған оралдық зияткер Эламир Кадыргалеев биыл да қатысушылар қатарында.
– Биыл мен ерекше тәжірибе мен білім алдым. Алғаш рет мен баспаға арналған 3D модель жасап көрдім, озық зерттеулермен таныстым. Сонымен қатар қазір таза болашақ үшін қолға алынып жатқан көптеген жобаны саралай алдым, –дейді Эламир.
Оралдағы НЗМ-нің баспасөз қызметі