Емханада кадр тапшылығын жою мәселесі жолға қойылған

70 мыңдай оралдыққа медициналық қызмет көрсететін қалалық №1 емхана ұжымы заман талабына сай түрлі жаңа технологияларды қолданысқа енгізуде.

Бұл туралы бүгін емханада өткен баспасөз мәжілісінде мәлім болды. Емхана директоры Светлана Ермекқалиева бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін өз жұмыстарынан хабардар етіп, соңғы жылдардағы өзгерістермен таныстырды.

70 мың тұрғынға қызмет көрсететін денсаулық сақтау мекемесіне 1000-ға жуық адам ерікті түрде тіркеліпті. 1978 жылы іргетасы қаланған емхананың ауқымы бүгінде кеңейіп, қала аумағындағы Деркөл, Маштаков, Ветелки елді мекендерінде филиалдары жұмыс жасауда. Сонымен қатар қала ішінде бір филиалы мен оңалту бөлімшесі бар. Денсаулық сақтау министрлігінің аурулардың алдын алу бойынша берген тапсырмасы аясында жұмыстанатын емхана дәрігерлері оңалту шараларына баса мән береді.
Емханадағы жұмыс жүйесіне енгізілген өзгерістердің бірі — электронды табло. Емделушілердің өзіне қажетті дәрігердің қабылдауына электронды кезек арқылы кіруі қамтамасыз етілген. Сонымен қатар емханаға келушілердің медициналық құжаттары электронды форматқа көшірілген. Бұл науқастардың өзінің электронды картадағы жазбаларын egov.kz порталы арқылы көруіне мүмкіндік береді. Оған қоса енді сіз ауруханаға өзіңізбен бірге бума-бума қағаз тасып жүрмейсіз.

Емделушілерге қолайлы тағы бір мүмкіндік — дәрігердің қабылдауына мобильді қосымша арқылы жазылу. Ал емдеу мекемесіндегі ТРИАЖ жүйесі науқастардың ауру деңгейін анықтайды.

«Емханада пилоттық жоба ретінде онкологиялық ауруларды анықтау мақсатында үш бірдей дәрігерге дейінгі кабинет ашылды. Мұнда келген әрбір келуші осы кабинеттерден өтеді. Сонымен қатар қант диабетін, созылмалы жүрек жеткіліксіздігі ауруларын анықтауға, диспансерлік есепке алуға баса көңіл бөлінеді. Күн сайын емханаға 700 адам келетін болса, соның 20 пайызы дәрігерге дейінгі қабылдаудан өтеді. Мысалы, биылғы ақпан айында дәрігерге дейінгі кабинеттен өткен әрбір екі адамның біреуінен онкологиялық аурулардың белгісі байқалған. Бірақ оларды қатерлі ісікке шалдыққан деп айтуға болмайды. Тек қана аталған аурудың қандай да бір белгілеріне қарай олар одан әрі дәрігерлік тексерістен өтеді», — деді емхана дәрігері Светлана Борисқызы.

Еліміз бойынша осы емханадан ғана табуға болатын «PIKRITINA» медициналық құрылғысы қант диабетіне шалдыққан науқастардың көзінің ішкі тор қабығының зақымдану деңгейін анықтайды.

Емханада кадр тапшылығын шешу мәселесі де оңтайлы жолға қойылған. 2018 жылдан бері емхана басшысы медициналық жоғары оқу орындарындағы «Бос орындар жәрмеңкесіне» қатысып, мекемеге қажетті дәрігерлердің орнын толтыру мақсатында жұмыстанып келеді. Өткен жылы емхана ұжымы оннан астам жоғары білімді маманмен толықса, биыл тағы да жеті дәрігер қатарға қосылады деп күтілуде. Сондай-ақ тәжірибелі дәрігерлер өз іс-тәжірибелерімен бөлісіп, жас мамандарды үйретуге күш салуда. Кадр тапшылығын жоюдың тағы бір тәсілі — бір маманға екі-үш мамандықты меңгерту. Бұл тәсілді де мекеме басшылығы қолданысқа енгізіп, емделушілерге оңтайлы қызмет көрсетуге жұмыстануда.
Емханада 43 жалпы тәжірибелік дәрігер учаскесі болса, 400-ден астам медициналық қызметкер тұрғындарға қызмет көрсетеді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *