15-16 наурыз күндері қаламызда «Орал — жастар көзімен» атты облыстық квест ойындары өтті.
Кең көлемді қамтыған ойынға 14 пен 29 жас аралығындағы қала тұрғындары қатысты. М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің тарих,экономика және құқық факультеті студенттерінің ұйымдастыруымен өткен ойында қала жастары белсенділік танытты. Шара барысында жиырма нысаннан өткен ойыншылар тарихи қаланың сырына қанықты. Осы квест ойыны арқылы біраз сұрақтың жауабын тапқан қатысушы Әмина Хамитова:
«Ойын өте қатты ұнады. Көне мұражайлардың қалада барын білемін. Бұл күнге дейін жаңадан ашылған музейлерден хабарым болмапты. Осы квест ойыны арқылы көп сұраққа жауап тапқандаймын», — деді.
Студенттер «Жастар жылы» аясында қолға алған квест ойынын алда жалғастырмақ. Аталмыш факультет студенті Аймира Төреғалиева көршілес Ресей Федерациясында тәжірибе алмасып, білімін шыңдаған. Студент ол жақта жиырма күнге созылған квест ойынынан көп тәжірбие жинақтапты. Мұны Аймира әрі қарай өз қаламызда ұйымдастырды. Ол 100-ге жуық жастар қатысқан шараны жоғары деңгейде өтті деп бағалады.
Ойынның жоғары деңгейде өтуіне Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрына, «Тұрғын үй құрылыс жинақ» банкі , «FIESTA» ерлер киімі дүкені, «Жігіт сұлтаны» ерлер салоны және тағы да өзге атсалысқан мекемелерге ұйымдастырушылар атынан алғыс хат табысталды.
Шара «City center» орталығында мәдениет және өнер факультетінің студенттерінің мерекелік концертімен тәмамдалды.
Гүлзинат Ибрагимқызы