Ғали Нәжімеденұлы халықпен есептік кездесуінде өткен жылы әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту бойынша атқарылған жұмыстарды баян етті.
Әлеуметтік қолдау және жұмыспен қамту
Елбасының бастамасымен жарияланған республикалық «Biz Birgemiz» акциясы аясында 30 мыңға жуық жерлестеріміз материалдық көмек алды. Елдегі пандемияға байланысты облыс тұрғындарына мемлекет және демеушілер тарапынан 17 млрд. теңгеге жуықбір жолғы әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оған қоса 5 мыңнан астам отбасыға атаулы әлеуметтік көмек берілді.
Пандемия кезінде Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асқан «Жұмыспен қамту жол картасы» өңірлерде бірқатар нысандарды күрделі жөндеуден өткізіп, жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Өткен жылы облысымызда 33 білім беру, 16 денсаулық, 12 мәдениет, 5 әлеуметтік, 2 спорт нысандары жөнделіп, 75 шақырым жолдар, 146 шақырым газ және 50 шақырым инженерлік желілері салынды. Осы нысандарды жөндеу жұмыстарына 8 мыңға жуық адам жұмысқа тартылды.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында: 762 адам техникалық және кәсіптік білім алуға жолданды; 355 адам қысқа мерзімді кәсіптік оқуға жолданды; әртүрлі санаттағы адамдар 1113 кредитке қол жеткізді; 2034 адам жаңа бизнес-идеяларға гранттар алды; 836 адам әлеуметтік жұмыс орындарына, 1870 жас жастар практикасына, 8418 азамат қоғамдық жұмысқа жолданды.
Жалпы өткен жылы 20 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылса, соның 60% — тұрақты жұмыс орындары.
Бүгінгі таңда 1106 жұмысшы шаруа қожалықтарына тіркеліп, еңбек қатынастарын заңдастырды. Сонымен қатар, Қарашығанақтағы шетелдік жұмыс күшін талдай келе, көптеген жұмысшы мамандар шет елден тартылатынына көз жеткізілді. Бұл позицияларды жергілікті мамандармен жабу үшін отандық мамандардың квалификациясын арттыру қажет. Осы мәселені шешу үшін КПО б.в. компаниясының әлеуметтік инвестициялары есебінен Ақсай колледжінің негізінде құрал-жабдықтар алып, оқытушыларды шақырта отырып, оқыту орталығын ашатын боламыз.