Бұл туралы БҚО әкімі Ғали Нәжімеденұлы мәдениет пен спорт саласында атқарылған жұмыстарды айтып өтті.
Мәдениет
2020 жыл қазақ халқының ұлы тұлғаларының атаулы даталарымен есте қалды. Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтой құрметіне Еуразия даңғылы — Абай даңғылы болып өзгертілді. Ақын Жұбан Молдағалиев пен Қадыр Мырза Әлидің мерейтойларына орай республикалық ақындар айтысы өткізілді. Жұбан ақынның ескерткіші қойылып, Ақжайық ауданында «Жұбан орталығы» ашылды.
Өткен жылы облысымызда 20 мәдени нысан жөнделді. Жаңақала ауданы Жаңажол ауылындағы жаңа 150 орындық мәдениет үйі салынып, пайдалануға берілді. Теректі ауданының Жаңа Өмір ауылындағы 300 орындық, Шыңғырлау ауданы Тасмола ауылындағы 150 орындық Мәдениет Үйлерінің құрылысы жалғасуда. Ақжайық жұртшылығы мен зиялы қауымның көптен сұрап жүрген 900 орындық концерт залы бар Өнер Сарайының құрылысы жүргізілуде.
Ішкі туризмді дамыту мақсатында «Жайық қалашығы» мен «Хан Ордасы» музей-қорығы бойынша жобаларды іске асыру жоспарымыз бар. Сондай-ақ, биыл Хан Ордасы ауылының туристтік әлеуетін арттыру мақсатында ауылдың кіреберіс жолын жөндеуді басталады.
Спорт
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Жаңақала және Бөкей ордасы ауданында 2 дене шынықтыру-сауықтыру кешендері пайдалануға берілді. Сонымен қатар, 6 ауданда 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Ал осы жылы облысымызда Дариян, Тайпақ және Бұлдырты сияқты ірі ауылдарында спорт нысандарының құрылысы басталады.
Тұрғындардың спортқа қызығушылығын арттыру және жастарды спортқа тарту мақсатында өткен жылы бюджет және демеушілер есебінен 46 спорт алаңы салынды. Ал 2021 жылы облыс орталығында 20 көпбейінді спорт алаңдарын салу көзделіп отыр.
Орал қаласында жеке кәсіпкерлердің қаражатына 7 нысан ашылды. Аудандарды айтар болсақ, Бәйтерек ауданының Погодаево ауылында мәдени-спорттық кешен ашылса, Казталов ауданының Бостандық ауылында бокс залы және Жәнібек ауданында ат спорт мектебі ашылды.