Орал қалалық «Nur Otan» партиясының фракция отырысы өтті.
Келелі жиында Орал қаласы бойынша «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары жол картасын талқылау және Саяси кеңес Бюросынан келісім алуға ұсыну жайы күн тәртібіне қойылды.
Фракция отырысын «Nur Otan» партиясы Орал қалалық мәслихатындағы фракция жетекшісі Кенесары Нұршинов жүргізді. Отырысқа фракция мүшелері түгел қатысып, күн тәртібіндегі мәселелер толық қаралды.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасының негізінде 2025 жылға дейінгі аумақтық даму бағдарламасы бекітілді.
Сайлауалды бағдарлама «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында жан-жақты талқылаудан өтіп әзірленген. Мұнда тұрғындардан үгіт-насихат кездесулері кезеңінде кандидаттарға 1400-ге жуық аманат түскен. Олардың 7%-ы аймақтық бағдарламаларды бекіту кезеңінде ескерілген. Нақты бағдарлама жайында Орал қалалық экономика бөлімінің басшысы Альмира Төлегенова таныстырды. Аталмыш бағдарламада Орал қаласының әлеуметтік дамуын ілгерілетуге және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған шаралар ұсынылған.
фракция отырысында сөз алған «Nur Otan» партиясының Орал қалалық филиалының төрағасы, Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков:
Сайлауалды бағдарламаға бей-жай қарамауымыз қажет. Барлығы бекітілген жоспарға сай жүзеге асуы тиіс. Бүгінгі бекітілген іс-шаралардың жүзеге асу жағдайын әр депутат қадағалауға міндетті. Себебі бұл жерде әр жылда жасалатын жол, салынатын тұрғын үй, абаттандырылатын аулалар нақты көрсетілген. Сондықтан, ең бірінші кезекте салық түсімдерін көбейту мәселесімен айналысуымыз қажет. Егерде салық түсімдері түспейтін болса,тиісінше жобада болмайды. Ал жоба болмаса, қаржыда болмайтыны анық. Алдымызға үлкен міндет алдық, енді соны абыроймен атқаруымыз қажет, – деді.
Фракция отырысында партияның 2021 жылға арналған жұмыс жоспары таныстырылып, Саяси кеңес Бюросына келісім алуға ұсынылды.