Атақты орыс педагогы Константин Ушинский балалық шақта есте қалғандардың еш өшпейтіндігін, ізі мәңгі сақталарын дәл айтқан. Шынтуайтында, бала психологиясы қашан да күрделі, оның қиялының ұшқырлығына, сезімінің өткірлігіне, аңғарымпаздығына талас жоқ.
Халқымыздағы «естігеніңді айтпа, көргеніңді айт» деген тәмсілге сүйене келе, КСРО техника әскерлерінің генерал-майоры болған тұңғыш қазақ Шәкір Жексенбаевтың туғанына 120 жылдық мерейтойы қарсаңында мүйізі қарағайдай атағы жер жаратын айбынды атаммен алғаш рет әрі соңғы рет қалай кездесу-жүздесудің, дидарласудың сәті туғанын қағаз бетіне түсіруді жөн санадым.
1984 жыл күні кеше секілді әлі есімде. Бес жастамын. Бұл кезең – әр балғынның жер көруге, ел көруге деген ұмтылыс-құлшынысының, ынта-жігерінің молаю тұсы. Балалықпен нені армандамайсың. Байқаймын, ауылдың ауасында өскен балалардың арманы үлкен қала көру болса, қалада асфальтта өскен өскіндердің арманы ауылға бару болатын. Мектепте сабақ аяқталған тұс. «Ауылға барасың» дегеннен ата-ананың қадағалауынан тез сытылуды ойға алсам, екіншіден ауладағы достарым алдында «каникулда ауылға кетем, ауылда керемет» деген балалық мақтаныш сезім бойымды кернеп, құрбыластарым алдында бір кеуде керіп қалғандаймын.
Сол жылы әдеттегідей қазіргі Бөкейордасы ауданы Бисен ауылына (Бейсен Жәнекешев атындағы кеңшар орталығы) жолшыбай ауыл көліктеріне отырғызып жіберген тұстан бастап, менің көптен сағына күткен еркіндік кезеңім бір-екі аптаға ғана созылды. Себебі Бисен ауылындағы үлкен шаңырақтың қалыптасқан өзіндік тәртібі мен қатаңдау үй іші әдебі бар-ды. Оның себебі марқұм Зентай әжем (ақсүйек Төре руынан) аса таза кісі еді. Тәртіпті ұнататын, әр нәрсенің өз орнында тұруы, ретті болуы сол кісінің күнделікті бақылауында болатын. Тіпті мал қайыратын таяқ пен дәрет алатын құман тұтқасының өзі арнайы таза қағазға оралмай тұрмайтын. Әрине, ойын баласы мені бұл тиымдар жалықтыратын. Адайлығыма салып тентектік жасаудың ретін де табатынмын. Десек те, тәртіпке бағынбасқа амал да қалмай жатады. Бақытыма орай, ауылға анам келіп, балалық еркеліктен тиым да, шектеу де шетте қалған-ды.
Анамның келу себебі әкем Ермек Ресейдің Ленинград қаласында (қазіргі Санкт-Петербург) аспирантураны тәмамдап, ғылыми диссертациясын қорғағалы жатыр екен. Осыған орай анам «ел көрсін, жер көрсін» деп мені де ала кетпек ойы барын ортаға салды. Ортақ шешімге келу барысында «жолдың алыстығы мен ауырлығы» айтылып, менің бұл сапардан қалыс қалғанымның дұрыстығы да әңгіме болмай қалмады. Сол сәттегі менің үрейлі жүзімді, жасып қалу мезетінде тұрған балалық сезімімді, осы сапарда анамнан қалайда қалмауға ұмтылған кейпімді көрген данышпан Сәтбай атамның «Барсын, әкесі қорғай алмай қалар» деген соңғы шешіміне алақайлап қуанғанымды көрсеңіз! Сөйтіп, аяқ астынан үлкендердің ақ батасын алып, анам екеуміз ит арқасы қияндағы Ресейге жол тарттық.
Менің баруым мұң екен (әзіл), әкем кандидаттық диссертациясын сәтті қорғады. Жанымыз жай тауып, көңіл бірленгендей. Демалыс күндердің бірінде іргедегі Мәскеу қаласына жолға шықтық. Мақсат – атағы жер жарған, дүбірі құлағымның түбінде қалған, мен үшін Халық қаһарманы саналатын Шәкір атамызға сәлем беру, көрісіп қайту. Ленинград – Мәскеу арасына поезбен жүріп, одан әрі атамыздың саяжайына «электричкамен» таңғы 4-5-тер шамасында жеттік. Бұл жақтың саяжайы ерекшелеу болады екен. Тұнып тұрған қарағайлы ну орман. Тым ертелеу келгесін бе, саяжай қақпасы кілттеулі екен. Әкем биіктігі екі метрдей қақпаның арғы бетіне ебін тауып қарғып түсіп, есікті ашты. Сол мезетте-ақ, Шәкір атам да оянып, алдымыздан құшақ жая жүгіре шығып, мені қапсыра құшағына алып, бетімнен сүйіп, қазақы болмыспен немересіне ілтипат-сезімін білдіріп жатты. Мәре-сәре болып қуанып қалдық. Әсіресе, менің қуанышымда шек жоқ. Анау-мынау емес, кеудемді «Батыр атаммен кездестім» деген сезім кернеуде.
Қарағайлы орман арасында орналасқан екі қабатты ағаштан жасалған саяжай үйі. Құдды демалыс орны сияқты. Көпшілік өзге саябақтардан ерекшелігі түрлі жеміс-жидек секілді көкөніс түрлерін байқамаппын.Тек атамызбен қолұстаса барып жабайы бүлдірген тергеніміз әлі көз алдымда. Бір күндей батыр атамыздың шаңырағында қонақ болып, келесі күні Шәкір атам үй ішімен бізді шығарып салды. Кетерде Шәкір атамның ұлыОлег (Ерік) ағам маған күміс түсті зеңбірек (сувенир Царь-пушка), атамның немересі Марина апам кілтін бұрап қалса, өздігінен зырғи жөнелетін ойыншық жүк көлігін сыйлады. Ал Шәкір атамның жұбайы Нина Ивановна әжеміз менің келесі жылы мектепке баратынымды білгеннен кейін ішіне оқуға қажетті барлық құрал-саймандары салынған портфельді сыйға тартты. Мұны қалай ғана ұмытарсың!..
Кейін уақыт өте келе ойлана қарасам, сол кездің өзінде жас мөлшері 80-нен асса да, Шәкір атам әлі де тың, ақыл-ойы сергек, әңгімесі жүйелі, жүріс-тұрысы мығым, жүзі келісті еді. Даусыз, бұның бәрі де әскери дағдыға баулынған тәртіптің арқасында деп білемін. Ал Шәкір атамның адами келбеті, қарапайымдылығы мен қонақжайлылығы, нағыз қазаққа тән болмысы – бәрі де әулет мүшелеріне бірдей дарыған тектілік белгісіндей.
Ата-әжеміздің «қонақ келгенде құр қол жібермеу» әдебімен ұлттық қасиетті қастерлеуін, оқу құралдары мен әдеби кітаптарды ұсынып, «болашақ білімде, білімді бол, балам» деуін мен атамның көрегендігі деп білемін. Әрине, менің бұл қысқа естелік жазбамды оқыған әрбір жан өзінше ой түйіп, өзіндік тұжырым жасары даусыз. Түйерім, бүгінгі жаңа ұрпағымыздың өкілдері Шәкір атам секілді еліне ардақты ұл боламын, генерал боламын, кәсіби әскери маман боламын, елімнің, жерімнің қорғаны боламын деп жатса, мемлекетіміздің болашағына еш алаңдамауға болары кәміл.
Болат Айталиев,
қазақтың тұңғыш техника әскерлерінің
генерал-майоры Шәкір Жексембаевтың шөбересі,
ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент