Наурыз мерекесін тойлау кезінде тамақтан уланудан сақтанайық

Ұлыстың ұлы күніндегі мерекелік шараларға жиналған жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылатыны белгілі. Алайда тағам дайындау технологиясы дұрыс сақталмаған, сату жағдайында бұзушылықтар кездескен дәмді тұтыну кезінде адам денсаулығына кері әсерін тигізетін тамақтан улану оқиғасы белең алуы мүмкін.
Наурыз — ежелгі заманнан қалыптасқан ұлы мейрам. Наурыз мерекесін тойлау дәстүрі қазақ халқының тұрмыс-салтында бағзы замандардан орын алған. Қала аумағында қалың қыстан аман-есен шығып,күн нұрына бөленіп, жаңа жылды қарсы алған тұрғындар жиылатын мерекелік шаралар жыл сайын атап өтілуде. Сонымен қатар мерекелік шаралар ұйымдастырылған орындарда қазақтың ұлттық ойындары ойнатылып, ұлттық тағамдармен толтырылған  үлкен дастархан жайылып, «Наурыз көже» ұсынылады. Осы ретте тағамнан улану жағдайларынан да сақтанған абзал.
Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын сақтау мақсатында «Наурыз» мерекесін тойлау қарсаңында кәсіпкерлік субъектілеріне, қала тұрғындарына  ҚР ДСМ 2017 жылғы 31 мамырдағы №358 «Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» бұйрығы негізінде тамақтан уланудың алдын алу шараларын орындау қажеттігін қаперіңізге салады.
Сауда нүктелерінде тірі күйінде үй жануарларын, малды және құсты, өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде дайындалған) герметикалық қапталған консервіленген тамақ өнімдерін, өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде дайындалған) кондитерлік бұйымдарды, аспаздық (ет және балық, көкөніс, ұн) бұйымдарды, өнеркәсіпте дайындалмаған (үйде дайындалған) жас және қайта өңделген саңырауқұлақтарды өткізуге және тұтынуға жол берілмейді. Тез бұзылатын тамақ өнімдері үшін тауардың ілеспе құжаттарында өнімдердің дайындалған уақыты және күні, сақтау температурасы және өткізудің соңғы мерзімі көрсетілуі тиіс.
Тағам өнімдерін сату кезінде төменде көрсетілген қағидаларды сақтау қажет:
1. объектіні, іргелес аумақты таза ұстау;
2. тамақ өнімдерін қабылдауды және өткізуді оның қадағалануын қамтамасыз ететін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын тауарға ілеспе құжаттардың болуы;
3. тамақ өнімдерінің жарамдылық мерзімдерін, сақтау және өткізу жағдайларын сақтауды қамтамасыз ету;
4. тамақ өнімдерінің өткізу мерзімдері мен босату талаптарын сақтау, босату кезінде сауда мүкәммалын (сауда қызметін жүзеге асыруға арналған заттар) пайдалану;
5. тамақ өнімдерін ластанудан қорғау;
6. таза арнайы киім кию;
7. жеке гигиена қағидаларын сақтау;
8. өзімен бірге нормалау құжаттарында бекітілген нысан бойынша жеке медициналық кітапшасының болуы.
Қабылдау, сақтау, тасымалдау және өткізу кезінде тағам өнімдерінің қадағалануын қамтамасыз ететін, сапасы мен қауіпсіздігін растайтын тауардың ілеспе құжаттары, сондай-ақ 021/2011 КО ТР талаптарына сәйкес сақтау, тасымалдау жағдайлары және сақтау мерзімі туралы ақпарат тағам өнімдерімен қоса жүруі тиіс. Тамақ өнімдерін сақтау, тасымалдау, өлшеп-орау және өткізу шикі тамақ өнімдері мен жартылай фабрикаттарды тұтынуға дайын тамақ өнімдерінен бөлек тасымалдауды, сақтауды, өлшеп-орауды қамтамасыз ете отырып, тауар көршілестігін сақтау арқылы оның ластануын болдырмайтын жағдайларда жүзеге асырылады.
Тез бұзылатын тамақ өнімдерін тасымалдау тасымалдаудың температуралық режимін қамтамасыз ететін, салқындатылатын, изотермиялық шанағы бар көлік құралдарында, рефрижераторларда жүргізіледі.
Гүлдана ГУБАЙДУЛЛИЕВА,
Орал қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы маманы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *