Кеше өңірлік орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде көктемгі су тасқынына дайындық мәселесі сөз болды.
Баспасөз жиынына Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, подполковник А.Ахметжанов пен «Қазгидромет» РММ облыстық филиалы директорының орынбасары Д.Исмурзин қатысты.
Подполковник А.Ахметжановтың айтуынша өңірімізде су тасқыны қаупі бар. Ол өз сөзіне қосымша ретінде республикалық маңызы бар автожолдарда — 470, облыстық және аудандық маңыздағы автожолдарда 1,112 су өткізу құбыры бар екенін айтты. Су басуы ықтимал орындар анықталып, су өткізу құбырларын тексеру жол қызметінің кестесіне сәйкес жүзеге асырылады.
«Орал қаласының аумағындағы Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің алқаптарында 75 саяжай және бау-бақша бірлестіктері бар. Қазіргі уақытта оларда 14 мыңнан астам адам қоныстанған. Облыс бойынша елу уақытша орналастыру бекеті белгіленді, оның 28-і — Орал қаласында. Күштер мен құралдар тобы 2443 жеке құрамды және 707 бірлік техниканы, 51 жүзу құралын, 266 мотопомпаны құрайды. Қазіргі таңда облыс бойынша барлығы 874 адам және 471 бірлік техника жұмылдырылған. Орал қаласы бойынша 516 адам және 338 бірлік техника», — деді департамент бастығының орынбасары.
Айта кетер жайт, Азаматтық қорғаныс органы бөлімшелерінің дайындығы 2019 жылдың 26-27 ақпан күндері аралығында өткен «Көктем-2019» РКШЖ барысында тексерілген болатын. Оқу шеңберінде апаттық-құтқару қызметтерінің бөлімшелерімен тактикалық-арнайы оқулар мен жаттығулар жəне оқу орындарында азаматтық қорғаныстың облыстық қызметтерінің жаттығулары өткізілді.
БҚО ТЖД Мемлекеттік тіл және ақпарат тобы