Президенттік клиниканың роботты хирургия орталығында жануарларды қолдана отырып, лапароскопия бойынша алғашқы оқу циклі өткізілді, — деп хабарлайды клиниканың баспасөз қызметі.
Президенттік клиниканың роботтандырылған хирургия орталығы 2018 жылы ашылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей:
— Бұл үлкен бастама халқымыздың игілігіне бағытталған. Медицинаға роботтандыруды енгізу мамандардың біліктілігін арттыруға ықпал етеді. Осындай орталықтың ашылуы отандық денсаулық сақтау саласы үшін маңызды оқиға болып табылады. Бұл көптеген адамдардың өмірін сақтауға мүмкіндік береді.
Робот-ассисттелген хирургия — бұл ең алдымен, жақсы визуализация және қозғалыстардың жоғары дәлдігінің арқасында, пациенттің қауіпсіздігі. Президенттік клиникада роботтандырылған хирургияны енгізу үшін хирургтер мен медбикелер тобы Милан қаласында арнайы оқыту циклынан өтті. Роботтандырылған хирургия орталығы ашылған сәттен бастап осы қондырғыны пайдалана отырып, жалпы хирургия, гинекология және урология саласында 250-ден астам операция жасалды.
— Қазақстандағы Робот-ассисттелген хирургияның дамуындағы келесі кезеңі — бұл роботтандырылған технологияның трансфері және тәжірибе алмасу. Осы 2 жыл ішінде роботтандырылған хирургия орталығын дамытуға орасан зор еңбек жұмсалды, бүгін біз өз тәжірибеміз бен білімімізді әріптестерімізбен бөлісуге дайынбыз – біз жануарларды пайдалана отырып, лапароскопия бойынша оқыту циклін бастаймыз, — деді Президенттік клиника директоры Валерий Бенберин.
Лапароскопиялық хирургияны оқыту бағдарламасы Президенттік клиникада жасалып, бекітілді. Бір апталық немесе 54 сағаттық оқу циклі теориялық дәріс материалдарын, сондай-ақ практикалық жұмыстардың 2 түрін қамтиды: симуляторда және жануарды пайдаланатын «вет» зертханасында.
— Бұрын Қазақстанда аз инвазивті хирургия бойынша практикалық білім беру курстарында жануарлардың пайдаланылмағанын атап өту маңызды. Бүгін біз хирургтарға адамға операция жасамас бұрын жануардағы хирургиялық процестің 100% көшірмесін модельдеуді ұсынамыз. Лапароскопия бойынша оқытудың бұл кезеңі Робот-ассисттелген технологияны игерудегі алғашқы қадам болып табылады, — деді Валерий Бенберин.