Санитарлық талап пен тұрғындардың денсаулығы — ең маңызды мәселе

Бүгін Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков пен қала басшылығы, құрылымдық бөлім жетекшілері «Жайық» базары ауданында орналасқан кәсіпкерлік субъектілерімен, әлеуметтік нысандар мен ғимараттар жетекшілерімен кездесіп, ондағы санитарлық тазалықтың сақталуы мен абаттандыру ережелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


Елімізде және өңірде коронавирус індеті қайтадан белең алып бара жатқаны мәлім. Сондықтан індеттің алдын алу және тұрғындардың денсаулығын сақтау мақсатында Орал қалалық бас мемлекеттік санитар дәрігері М.Р. Танауовтың №83 Қаулысына сәйкес, демалыс күндері жәрмеңкелерге, қаладағы жабайы базарлардың жұмысына шектеу қойылды.


Бұған дейін «Жайық» базарында сауда жасауға қатаң тыйым салынған болатын. Алайда базар маңын жағалай әртүрлі сауда-саттықпен айналысып отырғандардың қарасы көп. Санитарлық тазалық жағдайы мүлде сын көтермейді. Қала әкімі Абат Абайұлы ет, балық өнімдері, көкөніс пен жеміс-жидек сатып отырған саудагерлерге мұның талапқа сай келмейтінін және пандемияның қайтадан өршіп бара жатқан жағдайда халық денсаулығының маңызды екенін жеткізді.

Әрине, біз сіздердің сауда жасағандарыңызға еш қарсы емеспіз. Бірақ, оның бәрі заңды. Бұл жерге сауда жасауға рұқсат етілмеген. Арнайы бекітілген сауда орындарында жұмыс жасау қажет. Өйткені, қала көшелері жаңарып, абаттандырылуы тиіс. Сіздердің қателіктеріңізден мына жердегі бизнес нысандардың басшылары әкімшілік жазаға тартылады, — деді Абат Шыныбеков.


ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық» Кодексінің 204-бабына сәйкес, жергілікті атқарушы орган белгілеген орыннан тыс жерде сауда жасағандарға алдымен ескерту жасалады. Нәтиже болмаған жағдайда 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Ал әкімшілік жаза қолданғаннан кейін бұл жағдай бір жыл ішінде тағы қайталанатын болса, айыппұл мөлшері 10 айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Сол ауданның тұрғындары жайма базардың қызу тірлігі таңғы алтыда басталғаннан, тыныштық болмайтынын алға тартты. Оған қоса, азық-түліктен артылған қалдық заттардың жиналмайтыны тағы бар.

Осы ауданда тұрып жатқаныма 21 жыл уақыт өтті. Таңымыз жайма базардың айқай-шуымен басталады. Мына жерге әкеліп, балық тазалайды, артынан жинамайды. Ал оның жағымсыз исі ауламызға тарайды. Сондықтан бұл жерде жабайы базардың болуына түбегейлі қарсымын, — деді қала тұрғыны Айтжан Жақсыбаев.


Облыстық мәслихаттың 2020 жылғы 18 наурыздағы шешіміне сәйкес, қаламыздағы бизнес және әлеуметтік нысандардың басшылары өздеріне тиісті мекеме айналасына абаттандыру жұмыстарын жүргізуі тиіс деп танылған. Бұл туралы Орал қаласының ТҮКШ, ЖК және АЖ бөлімінің басшысы Жандос Дүйсенғалиев:


Ғимарат немесе мекемеден 5 метр қашықтықта орналасқан жерге дейін абаттандыру жұмыстарын жүргізу нысан басшыларына жүктелді. Оған жарықтандыру, жол жиегін орнату, қасбеттік жүйелерін реттеу, қоқыс жәшіктерін орнату сынды жұмыстар кіреді. Аталған шешім орындалмаған жағдайда айыппұл салынатын болады, — деді.


Шаһар басшысы базар маңындағы банк бөлімшелері, азық-түлік дүкендері мен дәріханаларға кіріп, ондағы қызметкерлерге жағдайды түсіндіріп өтті. Сонымен қатар, қала әкімі қалалық полиция басқармасына және тиісті құрылым басшыларына жабайы базарлардың жұмысын шектеу туралы нақты тапсырмалар берді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *