Мемлекеттік бағдарламаның мүмкіндігін мүлт жібермеген кәсіпкерлер

Қазір жеке кәсіп ашып, оны дамытамын деген жанға мүмкіндік көп. Қай саланы болмасын қаржыландырып отыратын ауыл шаруашылығын қолдау қорының да сондай азаматтарға көмегі көп. Нәтижелі жұмыспен қамтуды жоспарға алған қордың арқасында бүгінде кәсібін дөңгелетіп отырғандар аз емес.

Жуырда ауыл шаруашылығын қолдау қорының облысымыздағы филиалы БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Бұл сапарымыз өңіріміздің оңтүстік-шығысында орналасқан Сырым ауданының Шағырлыой ауылынан басталды. Мұндағы «Тіленші» шаруа қожалығының иесі Ерген Таумышевтің мал шаруашылығымен айналысқанына жиырма жылдай уақыт өткен. Ол 2013 жылы жалпы құны 10 миллион теңгеге 52 бас сиыр мен 2 бұқа сатып алыпты. Кейіннен несиесін уақытынан бұрын өтеп, қайтадан 30 млн.теңгеге несие рәсімдеген. Осылайша «Еңбек» бағдарламасының шарапатын көрген қожалық иесі бұл қаржыға 90 аналық бас алған.  Бүгінде шаруашылықта 300-ден аса  ірі қара мен 70-ке жуық жылқы малы бар. Басты мақсаты – шаруашылықты одан әрі дамытып, мал басын көбейту.

Кейіпкеріміз шаруашылықпен айналысамын деген азаматтарға мемлекеттік бағдарламаның үлкен демеу екенін жеткізді.

— Бұл кәсіпті балаларымның қалауымен бастадық. Ауылдан қалаға жұмыс іздеп кеткен ұлдарым құрылыс саласында еңбек етті. Алайда жалақыларын тиісті мөлшерде ала алмағаннан кейін, ауылға қайта келді. Олар ұсыныс айтып, мен қолдап, шағын несие алдық. Алғашында өзімізге қызмет қылуды көздедік. Қор берген несиеге мал мен оған қажетті техникалар сатып алдық. Бағдарламаның тиімді екенін білгеннен кейін биыл тағы 30 миллион теңге қаржылай қолдау алып отырмыз. Осы қордың арқасында шаруашылығымызды кеңейтіп, мал санын көбейттік, – дейді шаруа иесі.

Ерген ақсақалдың айтуынша, өңірдегі қожалықтардағы басты мәселе – су тапшылығы. Жауын-шашынның аз түсуі мен бөгеттердегі судың тартылуы қысқы азық жинауға да, малды суаруға да қиындық келтіруде.

— Мен Байбақтыдан тарайтын «Дат» руынанмын. Біз қоныстаған бұл жерде ертеде  рулас Тіленші есімді бай тұрыпты. Сол себепті қожалықты жекешелендірген кезде  ата-бабамыздың аруағы қолдасын деген ниетте осы атауды өзгертпедік. Соның арқасы шығар, тілсіз жаудан зардап шегіп көрмедік, – дейді ол.

Жасы жетпістен асқан қария қожалыққа жетекшілік еткенмен, шаруаны алты ұлы алға бастырып отыр. Ұлдары қалада тұрғанымен, қожалық жұмысына кезектесіп қарайласады екен.

Қор төрт түліктің кез-келген түрін өсіремін деген адамға 30 млн. теңгеге дейін 10 жыл мерзімге несие береді. Несиенің жылдық сыйақы мөлшері субсидияны қоса есептегенде 6%-ды құрайды. Оған қоса екі жылдық жеңілдік мерзімі тағы бар. Тек кәсіпкер тарапынан ірі қараны ұстайтын қора, жайылымдық жер мен мал бордақылау алаңына тапсыратын келісімшарт болуы тиіс.

— Биыл біздің облысымызға агроөнеркәсіпті дамыту бағдарламасы бойынша 800 миллион теңге бөлінді. Оның 400 млн.-ы жылқы, 380 млн.-ы – ірі қара малын, ал қалғаны ұсақ мал шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр. Несие рәсімдеуге өтініштер қабылдануда, – деді ауыл шаруашылығын қолдау қорының БҚО филиалының директоры Ербұлан Түшкенов.

Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының Батыс Қазақстан облысындағы филиалы бизнестің барлық  бағыттарын қаржыландыруда. Биыл мал шаруашылығын дамытудан бастап, ауыл шаруашылығы техникаларына арналған электронды форсункаларды жөндеу жобасы да қолдауға ие болған. Мысалы, «Diesel Energy KZ» жеке кәсіпкерлігінің басшысы Мұрат Баймұхамбетов тұрғындарға екінің бірінің қолынан бермейтін қызмет түрін көрсетеді. Теректі ауданынының Подстепное ауылында тұратын жеке кәсіпкер қордың БҚО-дағы филиалынан 6 млн. теңге несие рәсімдеп, өз кәсібін бастаған. Ол несиеге оталдыру жүйесінде жиі кездесетін ақауларды анықтайтын заманауи қондырғы сатып алған. Құрылғы тек дизель отынымен жүретін автокөліктерге арналған.

— Бағдарлама арқылы несие алып, электронды форсунка жөндейтін орын аштым. Қондырғы өзім жөндейтін аппараттарды тексереді. Осы арқылы ақауларын анықтау оңайға соғады. Жалпы қала бойынша мұндай  құрылғы үш көлік жөндеу орнында бар екенін білемін. Кәсібімнің арқасында отбасымды асырап отырмын. Қор арқылы несие алудың тиімді екенін айтқым келеді, – деді кейіпкеріміз.

Биыл БҚО филиалы жалпы соммасы 2050,8 млн. теңге болатын 524 несие берген. Оның ішінде 469-ы «Еңбек» бағдарламасына тиесілі. Нәтижесінде 627 адам жұмыспен қамтылған. Жыл соңына дейін жалпы құны 500 миллион теңге болатын 50-ден астам несие беру жоспарланып отыр.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *