Кейде мені «ХХІ ғасырдың жастары қандай» деген сұрақ толғантады.Өзімде осы ғасырдың ұрпағымын. Айналамдағы минут сайынғы өзгіріске қарап, тәрбие жайын ойлаймын.
Маған өзім қатарлас жастардың сән қуып киген киімі былай тұрсын, олардың тыңдаған әндері, беймәлім әрі арзанқол сөз мәнерлері, ата-анаға мен айналаға деген құрметі тіптен бұзылып бара жатқан сыңайлы. Заманға сай болу керек екенін түсінемін, алайда үйдегі отбасы берген тәлім-тәрбиені аяқ асты етпеген жөн. Әсіресе, қыз баланың тәрбиесі қашанда басты назарда. «Қыз үйде, қылығы түзде» нақылы дәл қазіргі таңдағы оқиғаларға тұздық секілді. Небір сорақылыққа ұрынып, өмірлерін өксікке толттырып жатқан бойжеткендерді көргенде қорқа бастайсың.
«Алдымен қызға керегі пәктік адалдық,
Одан соң жаным, жаз мінез керек жарасқан» – деп жырлаған Ақ Жайықтың ақ шағаласы Ақұштап Бақтыгереваның сіңлілеріне арнап жазған сырласу өлеңін жас арулар жете ұғып, әркез жадыларында ұстаса құба-құп. Ол қыз баланың бойынан имансыздық,арамдық,әдепсіздік,дөрекілік қасиеттерін көргісі келмей, осы өлеңге бәрін арқау қылған деп түсінемін.
Ықылым заманнан халқымыз қызды қадір тұтып, төрден орын берген. Ол болашақ ана деп, ел тұтқасын ұстар азаматтарды дүниеге әкелер ұрпақ жалғастырушы деп бағалаған. Сол қадірді біз қазір арзандатып алғандаймыз. Себебі – бала мен ата-ана арасында шынайы сұқбаттың өрбімеуі, ата-анамен уақыт өткізбеу. Осының салдарынан көп олқылық жіберіп жатырмыз.
Көп жағдайға заманға кінә артып, адамның өзгергенін байқай бермейміз. Әр жанның иманы мен тәрбиесі өз бойында болуы қажет. Ал қазақ қызы қашанда елі мен ерін сыйлаған қалыптан түспеуі тиіс деп бағамдаймын.
Жансая Мұрат,
«Арман» балалар аула клубының тәрбиеленушісі