Жаңа мектептің құрылысы қарқынды

Орал қаласында жаңадан бой көтерген № 33 мектеп құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Білім ордасы келесі жылдың басында пайдалануға беріледі.

300 орындыққа арналған білім ордасы 3 блоктан, 4 қабаттан тұрады. Мектепте 3-5 жас аралығындағы балаларға арналған балабақша орталығы, заман талабына сай робототехника, шеберхана, «cоoking club» кабинеттерін іске қосу жоспарда бар. 120 орын арнайы дизайнмен жасалған асхана салынбақ. Сондай-ақ бастауыш сыныпқа арналған кабинеттер, 70 орынға арналған акт залы, заманауи үлгідегі спорт зал мен оқырмандарға қолайлы кітапхана бұрыштарын ашу көзделген. Сонымен қатар мектептің үшінші қабаты «Smart teacher» мұғалімдер бөлмесі, «ТEDx» форматындағы конференция залы , «Smart» кабинеті және информатика, технопарк, интелектум кабинеттеріне арналады. Төртінші қабатта гуманитарлық пәндер мен лабараториялармен жабдықталған химия, физика, биология кабинеттері жасақталады.

– Қазіргі таңда карантиндік режімге байланысты құрылыс материалдарын уақытылы жеткізу жағы қиындық келтіріп тұр. Оған қоса, жұмысшылардың сыртқаттанып қалуы да кедергі. Соған қарамастан жоспарға сай жұмысымызды атқарып жатырмыз, – деді «Нұркапстройгаз» ЖШС бас инженері Әділгерей Ажғали.

№ 33 мектеп директорының міндетін атқарушы Үміт Тұрдалиеваның айтуынша, мектептің құрылыс жұмыстарын бақылау мақсатында ата-аналар комитеті мен қамқоршылық кеңестің мүшелері бірлескен комиссиялық топ құрылған. Олар жұмыс барын үнемі қадағалап отырады.

— Жалпы мектебіміз 300 орынға арналған. Оқушылар екі кезеңде білім алады. Қазіргі таңда 430 оқушы білім алуда. Жаңа білім ордасында оқушылар саны артады деп үміттенемін,– дейді Үміт Әділбекқызы.

Айта кетейік, білім ордасының құрылысы 2019 жылдың қаңтар айында басталған болатын. Мектеп құрылысын «Нұркапстройгаз» мердігер компаниясы жүргізуде.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *