Көппәтерлі үйлердің терезесінен балалардың құлап кетуінің алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар Департаментімен «Терезені жап — үйде бала бар!» акциясы ұйымдастырылды, — деп хабарлайды аталған департаменттің баспасөз қызметі.
Акцияның мақсаты — отбасы жағдайында балалардың өмір сүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету және балалардың терезеден құлау оқиғаларының алдын алу, ата-аналардың назарын балаларды қадағалау қажеттілігіне аудару, үй-жайда қараусыз қалдырмау.
Ата-аналарға «Балаңызда қанат жоқ» тақырыбында плакаттар әзірленіп, оларды көп қабатты үйлердің хабарландыру тақталарында, мектепке дейінгі балалар мекемелерінде орнатылды.
Акция аясында пластикалық терезелер орнатумен айналысатын кәсіпкерлер арасында #БАЛА ҚАУІПСІЗДІГІНЕ ӨЗ ҮЛЕСІҢДІ ҚОС челленджі жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аталған челлендж аясында 11 көп балалы отбасы, терезелерді ашудың қауіпсіз құрылғыларымен жабдықталды.
Сондай-ақ, аталған акцияға Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясының «Жаңғыру жолы» жастар бірлестігі белсенді қатысуда. Олар өз кезегінде балалардың қауіпсіздік құрылғыларына шұғыл әрі мұқтаж көп балалы және аз қамтылған отбасылардың тізімін жасақтауда.