Мақтарал ауданындағы су тасқынынан зардап шеккендерге қолұшын созу мақсатында Орал облыстық орталық мешіті де жұмыла іске кірісті.
Бұл туралы ҚМДБ-ның облысымыздағы баспасөз қызметі хабарлады. Қайырымдылық жасауға қызу кіріскен мешіт жанынан «Мақтаралмен біргеміз!» атты арнайы топ жасақталған. ҚМДБ-ның БҚО бойынша бас имамының бастамасымен бұл игілікті іс-шараны «Зекет» қорының Батыс Қазақстан облысындағы жетекшісі, Орал орталық мешітінің наиб имамы Самат Әлібаев ұйымдастыруда.
Топтың мақсаты – тасқын судан зардап шеккен мақтаралдық ағайынға көмек қолын созу. Ақ Жайық өңіріндегі барша мешіт жамағаты осы қайырымдылық іске белсене атсалысуда. Мешіт ауласына жүк көлігі қойылып, қалың жұртшылық қолынан келген көмектерін аямады. Жүк көлігі осы аптадағы қасиетті жұмадан кейін Мақтарал қаласына аттанды.
Облыстық, қалалық, аудандық мешіттер мен жеке кәсіпкерлер және мешіт жамағаты алыстағы отандастарымызға азық-түлікпен және қаржылай көмектесуде.
Өз тілшіміз