Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында редакциямызға естелік хаттар жиі келуде. Солардың бірі — сұрапыл соғыс даласында болып, жеңісті жақындатуға үлес қосқан Алпыспай Мұхановтың немересі Алтынбек Жазықбай майдангер атасының үлгі-өнегесі жайында жазыпты.
Жеңіс күні - еліміз үшін, бүкіл әлем үшін ортақ . Бұл мереке бейбітшілік пен жасампаздықтың нышаны. Жеңіске жету үшін қаншама боздақтар, елім деп еңіреген жауынгерлер, кеуделерін оққа тосты. Ержүрек аталарымыздың арқасында біздер «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда» өмір сүрудеміз.
Ел үшін, жер үшін отқа түскендер қатарында менің нағашы атам Алпысбай Мұханов жаумен бетпе –бет келген жандардың бірі. Ол 1926 жылы қазіргі Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Қособа жерінде дүниеге келген.
Әскерге 1944 жылы шақыртылып, соғыстың қызып жатқан жері Беларусь жеріне аттанған. Ол ІІІ-екпінді армияның 1174 полкі сапында болған. Алғашқы ұрысында Польшада жаумен соғысады. Польша жерінде жауды күйретіп, одан әрі Эльбаға барып, Берлинді азат етуге бар күшін салады.
Соғыс бітіп, жеңісті тойланғаннан кейін атам Германия жерінде оккупациялық әскери тобының сапында болып уақытша сол жерде қызмет еткен. Әскери сапта 1950 жылдың тамыз айына дейін болып, елге қайтқан. Туған жерге оралған соң колхоз, содан кейін совхозда есеп қызметінде бірнеше жыл жұмыс жасап, асқан білімінің арқасында қатардағы есепшіден совхоздың бас бухалтерінің орынбасары қызметіне дейін көтерілген. Осы қызметтен зейнеткерлікке шыққан. Өмірдің қиындығы мен қызығын бірге көрген Биғайша әжем екеуі ұл, қыз өсірген. Ұл- қыздарын адалдыққа, еңбекке баулып, өмірге деген құштарлыққа үйреткен. Ауыл адамдарының қала берді аудан адамдарының ортасында сыйлы, еңбексүйгіш атам бос уақытын текке өткізбеген деседі.
Соғыста көрсеткен ерен еңбегі үшін І дәрежелі «Отечественная Война» орденімен және Берлин мен Польшаны азат етуге қатысқан үшін медальдармен марапатталған. Оған қосса бейбіт заманда өзінің ерен еңбегінің арқасында төрт медальдің иегері атанады.
Мен нағашы атам мен әжемнің қолында тәрбиелендім. Ардагер атам 2008 жылы 82 жасында бұл дүниемен қоштасты. Атамның орны мен үшін ерекше.Үнемі менің жадымда атамның айтқан өсиеті, елі үшін жасаған ізгі істері мәңгі сақталады. Ер есімі ешқашан ұмытылмайды.
Алтынбек Арманұлы