Қалада қозғалыс шектеледі

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков мәлім етті.

Шаһар басшысы айтып өткендей, карантиндік режімнің күшейтілген талаптарына сәйкес 16-24 сәуір аралығында облыс орталығында кейбір кәсіпорын-мекемелердің жұмысына, адамдар мен жеке көліктердің қозғалысына шектеу қойылады. Мұндай шаралар облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы мен қала әкімдігі жанындағы жедел штабтың ұсынбасына сәйкес қолға алынған.

– Дейтұрғанмен, денсаулық сақтау және үйден медициналық қызмет көрсететін мекемелер, дәріханалар мен стоматология орталықтары, әлеуметтік қамсыздандыру және дезинфекция жүргізетін ұйымдар, коммуналдық, тамақ өндірісі, ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, наубайханалар, супермаркеттер өз жұмыстарын жалғастыра береді. Мемлекеттік бағдарламалар аясында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жұмыстарына да шектеу қойылмайды.Сонымен бірге мемлекеттік мекемелердің де жұмысы тоқтатылмайды, – деген Абат Абайұлы сәйкесінше кей мекеме-ұйымдарға уақытша жұмысын тоқтату жөнінде хабарламалар жіберілгенін атап өтті. Сондықтан карантиндік режім кезінде жұмыс істеуге рұқсат берілмеген тізімдегі мекеме-ұйымдар талапқа бағынулары қажет.

Қала әкімі 16-24 сәуір аралығында қалаішілік желідегі қоғамдық көліктер де тоқтайтынын айтты. Осы орайда жұмыс жасауға рұқсат алған мекемелер өз қызметкерлері үшін барлық санитарлық талаптарға сай тасымалдау қызметін ұйымдастыруы тиіс. Ал жеке көліктерімен жүретін қызметкерлердің қолында анықтамасымен бірге жұмыс беруші тарапынан расталған маршруттық нұсқамасы болуы керек. Тағы бір айта кетерлігі, тұрғындар карантиндік режім кезінде заңды тіркелген такси қызметін де қолдана алады.

Ләззат САЛАУАТҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *