Карантиндік режімнің жаңа талаптарымен таныстырды

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңындағы баспасөз мәжілісіне қатысқан облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев коронавирус жұқпасының аймақта таралуына жол бермеу мақсатында қабылданған шаралардан хабардар етті.

Облыс әкімдігі жанындағы жедел штабтың шешімімен қабылданған бірқатар шараларға тоқталған Мұхтар Наурызбайұлы басты мақсат – халықтың жүріс-тұрысын шектеу екенін мәлімдеді.

Белгілі болғанындай, 18 сәуірден бастап көтерме саудамен айналысатын барлық азық-түлік базарлары бір аптаға жабылады. Ал шағын азық-түлік дүкендері жұмыс жасай береді. Сонымен қатар тұрғындар көшеге жиі шықпау үшін төрт-бес күндік азық қорларын жинақтап алу керектігін жеткізді. Ал әлеуметтік желілерде желдей ескен банктердің жұмысы тоқтайды деген хабарламаны жоққа шығарған облыс әкімінің орынбасары екінші деңгейлі банктердің жұмыс кестесіне ғана өзгеріс енгізілетінін айтты. Банктер 17 сәуірден бастап уақытша сағат 09.00-16.00 аралығында халыққа қызмет көрсетеді. Демек, банктер арқылы көрсетілетін әлеуметтік қызметтер тоқтайды деп қорқудың қажеті жоқ. Тек қана жеке тұлғаларға несие беру қызметі уақытша бір аптаға шектеледі.

– Өкінішке орай, еліміз бойынша жұқпалы індетке байланысты жаңа жағдайлар көптеп тіркелуде. Банкке не базарға барамын деген желеумен азаматтардың себепсіз көшеде жүруі көбеюде. Сондықтан осындай қатаң шаралар қабылдауға мәжбүрміз, – деп түсіндірді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *