«Нұротандықтар» рейд ұйымдастырды

Сәуірдің 10-ы күні «Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы жанындағы бақылау комиссиясы мүшелері «Мирлан» орталық базарындағы азық-түлік бағасын қадағалау мақсатында рейдтік шара өткізді.

Аталған шараға комиссия мүшелерімен бірге қалалық мәслихат хатшысы Аққали Әубекеров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің превенция және парасаттылық басқармасының басшысы Біржан Хайруллин, «Ақжайық» адалдық алаңының өкілдері, партия белсенділері қатысты. Олар рейд барысында сауда нүктелерін аралап, маңызды әлеуметтік тауарлардың сатылымдағы құнына назар аударды. ҚР Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрығы негізінде БҚО бойынша әлеуметтік маңызы бар бірқатар азық-түлік тауарларына шекті бөлшек бағалары бекітілген болатын. Комиссия мүшелері сол тоғыз азық-түлік түрінің тізімін басшылыққа алып, саудагерлерге елдегі төтенше жағдай кезінде қымбатшылыққа жол бермеуді ескертті.

«Nur Otan» партиясы Орал қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенесары Нұршиновтың айтуынша, рейд кезінде назар аударар тұстар да аз болмаған. – Базарда кей азық-түлік түрлері қымбат бағаға сатылып жатқанын байқадық. Мұндай негізсіз қымбаттатуды тыюды сауда иелеріне ескерттік. Сонымен қатар арнайы хаттама толтырып, құзіретті мекемелерге  жолдаймыз. Мысалы, бірқатар сауда нүктелерінде күріш, қарақұмық, күнбағыс майы шекті мөлшерден жоғары бағаға сатылуда. Тағы бір айта кетерлігі, кейбір тауар құнының шекті бағалардан төмен қойылған сәттері де кездесті, – деді партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары. Белгілі болғанындай, бағаны негізсіз қымбаттатуға жол берген кәсіпкерлер жауапкершілікке тартылып, оларға 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Мұндай әрекет екінші рет қайталанса, халықтың қалтасын қаққан сауда иелерін  200 АЕК көлеміндегі айыппұл күтіп тұр.

Бұл күні аталған жұмыс тобы «Атриум» сауда үйіндегі «Дина» супермаркетіне де бас сұғып, тауар бағаларымен танысты. Көшбасшы партияның қалалық филиалы жанындағы бақылау комиссиясы қоғамдық ұйым ретінде басқа да өзекті жайттарды назардан тыс қалдырмайды. Айталық, бұған дейін комиссия өкілдері карантиндік режім кезінде қала маңында орналасқан блок-бекеттерді аралап шыққан. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бекеттерге басқа қалалардан жеткізілген сарбаздарға азық-түлікпен жәрдемдесу жоспарланған.

ҚР Сауда және интеграция, Ауыл шаруашылығы, Ұлттық экономика министрліктерінің бірлескен бұйрығы негізінде БҚО бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына төмендегідей шекті бөлшек бағалары бекітілген:

  1. І сортты бидай ұны – 134 теңге (келісі)
  2. І сорттан жасалған бидай наны – 160 теңге (данасы)
  3. Рожки (өлшеніп сатылатын) – 195 теңге (келісі)
  4. Тазартылған күріш (домалақ дәнді, өлшеніп сатылатын) – 297 теңге (келісі)
  5. Сиыр еті – 1700 теңге (келісі)
  6. Тауық жұмытрқасы (І санатты) – 275 теңге (10 данасы)
  7. Күнбағыс майы – 396 теңге (литрі)
  8. Ас тұзы («Экстрадан» басқа) – 39 теңге
  9. Қарақұмық жармасы (гречка) (дән, өлшеніп сатылатын) – 270 теңге (келісі)

Ләззат ҚАЖЫМОВА 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *