«Қашықтықтан оқыту – 40 минуттық сабақ емес»

Сәуірдің 6-сы еліміздің мектептерінде төртінші оқу тоқсаны басталып, оқушылар қашықтықтан оқытылады. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен  баспасөз мәжілісінде облыстағы білім ошақтарының оқу үрдісіне дайындығы баяндалды.

«Төтенше жағдай кезінде коронавирустың алдын алу бойынша мемлекеттік органдардың қолданатын шаралары мен әрекеттері туралы» баспасөз мәжілісінде баяндама жасаған облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тржанова білім жүйесінде орын алған өзгерістерден хабардар етті.

– Пандемия кезінде білім беру ұйымдарындағы оқушылар мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығының сақталуын қамтамасыз ету, коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында шаралар алынуда. Елімізде қатаң санитарлық-дезинфекциалық режімнің енгізілуіне орай 13 наурыздан бастап білім мекемелерінде мәдени және спорттық шаралар өткізу, оқушылардың облыстан тыс аймақтағы  іс-шараларға қатысуы тоқтатылды. Мектеп оқушылары 16 наурыздан бастап көктемгі каникулға шықты. Ал кәсіптік және техникалық білім беру ұйымдары қашықтықтан оқытуға көшірілді. Мектепке дейінгі ұйымдар штаттық режімде жұмыс жасауда, ата-аналарға мүмкіндік болса балаларын балабақшаға апармау ұсынылды, – деді басқарма басшысы. Айтуынша, алдағы 6 сәуірде мектептерде 4-оқу тоқсаны басталып, оқушылар қашықтықтан оқытыла бастайды.

ҚР Білім және ғылым министрлігі қашықтықтан оқыту бойынша тәжірибелі мамандардан жасақталған арнайы жұмыс тобын құрған. Бірнеше бағыт бойынша жүргізілетін жұмыстар аясында оқушылар мен мұғалімдерге білім ресурстары тегін ұсынылуда. Министрліктің тапсырысына сәйкес «Еларна» және «Балапан» телеарналарында мемлекеттік және орыс тілдерінде қосымша сабақтар көрсетіледі.

Бұл оқу үрдісі әдеттегідей 40 минут өтетін сабақ емес, оның да өз әдіс-тәсілдері бар екенін ескерткен Айымгүл Мақсотқызы ата-аналарды осындай сын сағатта бұл мәселеге түсіністікпен қарауға шақырды. Яғни, ата-аналар ұл-қыздарына күнделікті оқу материалдарын жаңа форматта игеруге қолдау көрсетулері қажет.

– Оқушылардың, педагогтердің  үй жағдайында ғаламторға қосылу мүмкіндігі болғанымен, жылдамдықтың төмендігіне байланысты сабақ жүргізуде қиындықтар туындауы мүмкін. Аталмыш мәселелерді облыс деңгейінде шешу жолдары қарастырылуда, – деді басқарма басшысы Айымгүл Тржанова. Сонымен қатар шалғай ауылдарда ғаламторға қосылу мүмкіндігі жоқтың қасы екені белгілі. Басқарма басшысы мұндай жағдайда мұғалімдер әр оқушымен жекелей байланысқа шығып, тапсырманы қағаз түрінде бере алатынын жеткізді.

Ләззат ҚАЖЫМОВА

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *