Жетімдердің мәселесіне құлақ түрді

Қазіргі таңда Орал қаласында  жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған  1871 бала тұрғын үй кезегінде тұр.

Бүгін қала әкімі Абат Шыныбеков қаламыздағы жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған қаламыздағы №15 мектеп-интернатының түлектерімен кездесу өткізді.

Жетім  немесе ата-ананың қамқоршылығына мұқтаж  балалар 18-29 жасында мемлекеттен тұрғын үй алу үшін кезекке тұра алады. Алайда бүгінгі кездесуге келген Марат Қызылбасов 2008 жылы мектеп бітірсе де, әлі күнге бір пәтерге зәру екенін айтады.

Тұрғын үй кезегінде 504-ші болып тұрмын. Бұған дейін қалада тіркеуде болмағаным үшін, үй кезегіне тұрмадым. Екі жыл уақытым осы тіркеумен кетті. Қазіргі уақытта жұмыс жасаймын, алайда оның жартысынан көбі жалдамалы пәтерге кетеді, одан артылғаны – тамақ пен киім-кешектен ауыспайды, — деді бар мұң-мұқтажын ақтарған ол.

Мектеп-интернат қызметкерлерінің салғырттығынан  үшінші жыл дегенде, яғни 2011 жылы тұрақты тіркеуге тұрған. Негізінде аталған білім ордасын бітірген ұл-қыздар жарты жыл ішінде үй кезегіне қойылуы тиіс. Ол заңға сәйкес осы санаттағы жеткіншектерге үй берілетінін білсе де, дер кезінде жасалмаған әрекет үшін налитынын жасырмады.

Инклюзивті, арнаулы білім беру және балалардың құқығын қорғау бөлімінің бастығы Ағиіс Бержанова бұл мәселені осы уақыт ішінде бірнеше рет өзгерген салалық заңдағы өзгерістермен түсіндірді.

Ал «Ақжайық —  адалдық алаңы» жобасының еріктісі Серік Мұқашев аталмыш балалардың арасында жетімдікпен қоса, түрлі ауруға шалдыққандар барын  айтты.

Олар өздерінің жасаған іс-әрекеттеріне жауап бере алмайды. Сондықтан балалар үйінен шығып, қандай да бір ауруға тап келгендерге арналған бір орын болғаны дұрыс деп ойлаймын. Жетімдердің көбі өз құқықтарын да біле бермейді. Оларға  заң тұрғысынан ақпараттық қолдау қажет, — деді ерікті.

Кездесуге келген Нұрберген Хамзин жетімдер үйінен шыққан балалардың тура жолдан адасуын баспананың болмауымен байланыстырды.  Марат Қазымбековтің басындағы жағдай да осы үйге қатысты. Ол – шаңырақ көтерген, екі баланың әкесі. Жас отбасы  да тезірек баспаналы болуды армандайды.

Бүгін сіздер айтқан мәселелерді шешу үшін осы жерде бас қосып отырмыз. Қаламызда қазіргі таңда коммуналдық тұрғын үйлердің аз салынуы кезектің жылжымауына себеп болып отыр. Біз жыл сайын барлық санаттағы тұрғындарға баспана беру жолдарын қарастырамыз. Мүмкіндігінше, сіздер де бағдарламалар бойынша ақша салып, пәтер алуға әрекет жасауларыңыз қажет, — деді шаһар басшысы.

Сонымен қатар қала әкімі Абат Абайұлы жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арнап заңнамалық қолдау көрсететін Call-центр бұрышын ашуды қолға алатынын жеткізді.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *