Облыс аумағында 20 қаңтардан бастап «Тұрмыс» жедел алдын алу шарасы өткізілуде деп хабарлайды Орал қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі.
Аталмыш іс-шара аясында Орал қалалық полиция басқармасының ЖПҚб мен ЖПҚб кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ювеналды тобының басшылары мен инспекторлары бірнеше іс-шаралар мен кешенді тексерістер, рейдтер мен акциялар ұйымдастыруды жоспарлауда.
Мысалы, 23 қаңтар күні қалалық ЖПҚб аға инспекторы, полиция майоры Ақтоты Көшкінова, ЖПҚб ювеналды тобының аға инспекторы, полиция майоры Мәдина Құспанова, «Орал жастары» волонтерлық қозғалысының белсенді мүшелері Дулат Жүсіпқалиев пен Ерлан Нагимов, учаскелік полиция инспекторының қоғамдық көмекшісі Қайролла Қарағойшиев, өзге де жауапты тәртіп сақшылары Оралдағы дағдарыс орталығында болды. Орталық басшысы Талшынай Жүніс мекеменің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныстырып, «Тұрмыс» ЖАШ аясында біркелкі іс-шараларды полиция басқармасымен бірлесе атқаруға уағдаласты.
Сонымен қатар рейдке қатысушылар қаланың «Ескі әуежай» ауданында шағын ғана вагон сынды кішкене бөлмені паналаған әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасына барды. Отанасымен сөйлесіп, тұрмысымен жақынырақ танысты. Сақшылар бұл жанұяның күрмеуі қиын сұрақтарын шешуге қолғабыс жасайтындарын, отанасын қызметке орналастыру үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу мекемелерімен келіссөздер жүргізетіндерін айтты. Оған қоса учаскелік полиция және ювеналды топ инспекторлары қиындыққа төтеп беріп отырған шаңыраққа азық-түлік апарып берді. Бұл үйдегі оқушы бала мектеп инспекторларының үнемі назарында, оның сабағын қадағалап, мектебімен, ұстаздарымен байланыс үзілмейді.
Аталған жедел алдын алу іс-шарасы алдағы 20 ақпанға дейін жалғасады. – Келесі рейд кезінде басқармаға есепке қойылған, ішімдік ішіп, жанұясының шырқын бұзатын тұлғаларды анықтап, заң аясында шара қолданатын боламыз. Өткен жылдың 12 айында отбасылық-тұрмыстық қарым қатынастарға байланысты қылмыстар саны 15,4 пайызға төмендеді, – деді полиция майоры Ақтоты Көшкінова.
Полиция майоры Мәдина Құспанованың айтуынша, 2019 жылдың 11 айында қалалық полиция басқармасының сенім телефондарына тұрмыстағы зорлық- зомбылыққа қатысты 865 арыз қабылданған. 50 әйел дағдарыс орталығына орналастырылып, өзгелеріне психологиялық және заң тұрғысынан кеңестер берілген.
Отбасындағы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен байланысты қылмыстық әрекеттердің алдын алу мақсатында 1105 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Құқық бұзушыларға қатысты 1095 қорғау нұсқамасы шығарылған. Ал оны бұзған 39 тұлға заң алдында жауапталса, Жергілікті полиция қызметінің өтінішхаты негізінде сотпен құқық бұзушылардың тәртібіне байланысты 45 ерекше талап қойылған.