Мектеп табалдырығын аттамаған бала кезімде біздің үйге құдайы қонақтар көп келетіні әлі күнге есімде.
Әжем мен анам дастархан қамымен жүгіріп, түрлі тәттілер пісіретін. Мен ол кезде әкемнің қандай қызмет жасайтынын білмейтінмін. Негізінен қазір сексеннің бесеуіне келген әкем Елжас Халелов ауылда математика пәнінің мұғалімі болды. Ұзақ жылдар Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты орта мектебінде басшылық қызмет атқарды. Анам Гүлжиһан Шарафиева екеуі осы мектептен құрметті демалысқа шықты. Қазір Орал қаласының аумағындағы Мичурин ауылында тұрады.
Жетпісінші жылдың орта кезі. Жасау ағай үйге келіп қой сойса, үйге мейман келеді деген сөз. Мен өз бойымнан үлкен сыпырғышпен ауланы сыпырамын, үйге кіріп әкемннің скрипкасын сүртемін, құмандарға су толтырамын. Жасау көке домбырамен көп күйлер ойнайтын. Біздің үй – ауылдағы клубтан кейінгі екінші өнер ордасы. Ал Сәппар көке домбырасын тастамай алып жүретін. Түйе жеккен арбамен Ғайнолла ағай келетін. Ол кісі кез келген аспапта ойнағанда аузымыздың суы құрып тыңдайтынбыз. Ақ шашты, сұңғақ бойлы, көбіне күліп жүретін ағай мені «сары малай» деп атайтын. Соған қарағанда біздің туысқан болды ғой деп ойлайтынмын. Оны біздің үйден көп көретінмін, нағашым шығар деп жорамалдайтынмын. Себебі мотоциклмен Қаратөбеден келетін Сабыржан нағашыма ағай ұқсайды. Сірә, үлкен нағашым болса керек деймін, оның үстіне орысша сөйлейді арасында. Мойнына мініп, тізесіне жатып, еркелейтінмін. Қалтасына қолын салып маған кәмпит беретін, сол көріністер әлі есімде.
Менің тұсауымды кескен Сара апайдың жолдасы Тілекқайыр тәтенің күлкісі ерекше еді. Шахмат ойнағанда ұзақ ойланып отыратын, шашы қап-қара, өзі жымиып отыра беретін Бисенбиев Кәмал ағайдың орны бөлек. Қалың мұртты, өзі таудай биік, ертегідегі алып адамдарға ұқсайтын, домбырамен керемет күйлер орындайтын Нығметов Сағидолла да ерекше жан. Бәрі түгел жиналғанда сол кезде ел ішіне кең тараған жаңа ән «Алтынымды» шырқайтын. Сол жолы нағашым шығар деп жүрген ағай тағы келді. Сөйтсем, ол Қамбетов Мұса екен. Бәрі әкемнің құдастары, олардың жалындаған жастық шақтары бір мектепте өтіпті.
Тағы білетінім, олар жиналғанда дойбы, шахмат ойнайтын. Ешқайсының арнаулы музыкалық білімі жоқ, бірақ бәрі де аспапта шебер ойнайды. Біздің үйде оркестордің дирижері – мен. Әкем скрипкада, Қамбетов Мұса мандолинде, Нығметов Сағидолла домбырада ойнайтын, сол әуендер құлағыма жатталып қалды. «Алтыным», «Алатау», «Ақбұлақ» әндерін қосыла шырқайтынмын. Күйлердің нотасын әкем тауып әкеледі, сосын соған қарап ойнайды, қалғандары қолындағы аспаптарымен ілеседі. Осылайша «Адай», «Сарыарқа», «Балбырауын» күйлерін ойнап шығады.
Ауыл өнерпаздарын жинап оркестр құрып, ауыл сахнасында талай өнер көрсетті. Кейін аудан сахнасында, аудандық ұлттық аспаптар оркестрінің ұзақ жылдар мүшесі болып, өз өнерлерін облыс жұртшылығына паш етті.
Балалық шағымда өз отбасымнан көрген ізгі дәстүрді бүгінде балаларыма көрсетіп, үйге өнер адамдарының басын қосып, сол үрдісті жалғастырып келемін. Бірде осындай басқосуда маған «сары малай» деп, мен оны нағашым деп жүрген Мұса ағайдың баласы Медғатқа өзім көзімнің қарашығындай сақтап жүрген күлсалғышты көрсеттім. Себебі бұл затты әкелеріміз пайдаланған еді, сол кездерді еске түсірдік.
Мұса ағай – кеңпейілді ортаның адамы болатын. Өзінің көшесіндегі «Ақ бидай» ансамблінің жетекшісі болды. Әскерде жүрген ауылдың бозбалаларына ата-аналарының өтінішімен орыс тілінде хат жазып, артынан іздеп баратын. Арасында келін түсіріп, құданың міндетін де атқаратын. Мұса Қамбетұлы 1933 жылы Қаратөбе ауданы, Сулыкөл ауылдық кеңесінде дүниеге келген. 1952-1956 жылдары Қиыр Шығыста, яғни Сахалинде әскер қатарында болды. 1956-1961 жылдары бұрынғы А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының филология факультетінде оқып, «орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі» мамандығын алған. Содан бастап құрметті демалысқа шыққанға шейін Қаратөбе ауданының Қалдығайты орта мектебінде ұстаз болды. Оның зайыбы Роза Сапақызы да – жоғарғы білімді ұстаз, қазір зейнеткер. Үлкен ұлдары Талғат – Алматы қаласында қоршаған ортаны қорғау басқармасында эколог. Қызы Шара мен ұлы Сағыдат – Алматы қаласында кәсіпкер. Өңірімізге белгілі журналист Клара Мұсақызы – «AQJAIYQ» облыстық телеарнасы директорының орынбасары. Кенже ұлы Медғат – БҚО әкімдігі аппаратының «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы. Осындай ұрпақты тәрбиелеген Мұса ағай бір жерден табан аудармай 33 жыл еңбек етті.1994 жылы қыркүйек айында бұл фәниден озып, бақилық болды.
Туған ауылым Қалдығайтыға барған сайын аунап-қунап өскен қара шаңырағыма арнайы ат басын бұрамын. Туған үйімнің қасына аялдап, балалық шағымды еске аламын. Құлағыма әкелеріміз орындайтын құдіретті күйдің үні келеді, шарықтай салған әндер естіледі. Көз алдыма сағымдай бұлдыраған балалық шағым келеді. Құлаққа сіңген әуендер үнтаспаға жазылғандай жүрегіме мәңгі сақталып қалыпты.
Рафхат ХАЛЕЛОВ