Оралда «Zhas project» жобасы арқылы жақсы мүмкіндіктерге қол жеткізген жастар өзгелер үшін де игі іс жасауда. солардың бірі – «Орал тігінхана» жобасын қолға алған белсенді жастар тегін шеберлік сағаттарын өткізді.
Бұл жобаның жетекшісі Алмагүл Сәрсенбекова өз тобындағы Жансая Жананмен және Сәкен Амангелдиевпен бірге кәсіп ашып, өз жұмыстарын жалғастыруда. Жобаның мақсаты – қалалық жерде тігін өнері бойынша тегін шеберлік сыныптарын өткізіп, қатысушыларға киімдерді қысқарту, киім тігу, құрақтар жасау ісмерліктерін үйрету. Сонымен қатар ҰОС ардагерлері, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар мен аз қамтылған отбасыларға киімдер, күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдар тігіп беру мүмкіндігі қарастырылған. Кәсіпкер жастар биылғы маусым айынан бастап оқушыларға мектеп формасын тігіп, егде жастағы қарияларға тегін көйлек таратып, 17 адамға көмек еткен.
«Орал тігінхана» жобасының бастамашылары Х.Есенжанов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында осы жылдың 9 қыркүйегі мен 26 қазан күндері шеберлік сағатын ұйымдастырды. Мұнда қатысушылар көйлек тігудің, ойып-пішудің қыр-сырын меңгерді. Жеңіл өнеркәсіп нарығында өзіндік орындарын қалыптастырып, биік белестерді бағындырып жүрген тігіншілер Айнагүл Ахметова мен Алдаберген Алтын арнайы әлеуметтік санаттағы 52 қыз-келіншекпен жұмыс жүргізді. Жоба тарапынан үйренуге келген аналарға тегін маталар беріліп, керекті құрал-жабдықтармен қамтылды. Шараға қатысушы көпбалалы ана Гүлжанат Булхайрова ата-аналарға, жоба ұйымдастырушыларына алғыс білдіріп, алда әріптестік қарым-қатынас орнатуды ұсынды. Сондай-ақ осындай дәрістер әр сенбі сайын өткізілсе деген ниет білдірді.
– Елімізде жеңіл өнеркәсіп өнімдері, соның ішінде қазақы нақыштағы киім-кешектер тұтынушылар тарапынан үлкен сұранысқа ие. Отандық өнімді ішкі нарықта ілгерілету үшін бұл салаға білікті мамандар қажет. Осы орайда біздер қаладағы көпбалалы және аз қамтылған жанұялардың қыз-келіншектеріне, өзін-өзі жұмыспен қамтып, өз кәсібін дөңгелетем деушілерге тегін кәсіби көмек көрсетіп, тігіншілік өнерін үйретуге үлесімізді қостық, – дейді жоба жетекшісі Алмагүл Қайратқызы.
Ләззат ҚАЖЫМОВА