Жусан» операциясымен елге қайтарылған қыз-келіншектерге әлеуметтік қолдау көрсетілуде.
Осы мақсатта «Аманат-Жайық» қоғамдық қоры облыстық дін істері басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде қысқа мерзімді кәсіптік оқу курстарын ұйымдастыруда. Басты мақсат – жат елде біраз қиындықты бастан кешкен нәзік жандарға әлеуметтік қолдау көрсету, ортаға бейімдеу.
Нақтырақ айтқанда, 12 адам «Фирдаус» ательесінде үш айлық «Пішу және тігу» курсын тәмамдаса, тағы 10 азаматша «Дом кондитера» тәтті тағамдар дайындау орталығында екі апталық «Ұнды кондитерлік өнімдер» курсынан өтті. Оларға сертификат табыстау рәсіміне қатысқан «Аманат-Жайық» қоғамдық қорының төрағасы Муслим Джанисов пен теолог Назгүл Данаева қоғамға қажетті мамандықты игерген курс қатысушыларына сәттілік тіледі. Қыз-келіншектер шараны ұйымдастырушыларға ризалықшылықтарын білдірді.
Өз тілшіміз