Психолог кеңесіне жүгінушілер көп

Жуырда қаламызда «Жас отбасыларды қалыптастыру мектебін ұйымдастыру» жобасы аясында ашылған психолог кабинеті жас шаңырақ иелеріне тегін қызмет көрсетуде.

Аталмыш жоба аясындағы бастама қалалық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен, «Жас қанат» жастар қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен жүзеге асты. Басты мақсат – жастар арасында отбасы құндылығын түсіндіру, отбасы институты мен некедегі қарым-қатынасты нығайту  және насихаттау.

Кабинет аптаның жұма және сенбі күндері қала тұрғындарына тегін қызмет көрсетеді. Психолог Айман Насырованың айтуынша, бұл қызметке көбіне ажырасқан ерлі-зайыптылар жүгінеді екен.

– Осы салада қызмет атқарғаныма біраз жыл болды. Соның ішінде неке психологиясына көбірек мән беремін. Кабинет ашылғалы күніне бес-алты адам әр түрлі сауалдармен келіп, кеңес алады. Некесі бұзылғандар жанұясын сақтап қалу жолы мен күйзелістен құтылу бойынша, ал жалғызбастылар сенімділік жолдарын іздеп, біздің көмегімізге жүгінуде, – дейді отбасылық қарым-қатынас жөніндегі кеңесші-психолог Айман Жолтайқызы.

Қоғамда жас отбасылардың ажырасуы белең алып тұр. Осы  жылдың 20 қыркүйегіндегі мәліметке сүйенсек, Оралда некеге тұрған 2290 жұп болса,  ажырасқандар саны 1020-ға жеткен. Ұйымдастырушылар жас отбасыларды сақтау бағытында психолог кабинетін іске қосып, өз үлестерін қосуда.

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

 

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *