Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары байқаудан жүлделі оралды


Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары «Дарын» республикалық-практикалық орталығы ұйымдастырған жас тарихшылардың IV республикалық «Менің кіші Отаным» зияткерлік конкурсында үш бірдей жүлделі орынды жеңіп алды.

«Туған жерімнің ел тарихындағы рөлі» аталымында жеңімпаз атанған 9-сынып оқушысы Жанар Жәрдем Сырым ауданына қарасты Қособа ауылының әдемі көрінісі мен тарихи ақтаңдақтарын сүбелі сөзбен өріпті. Жобаға тарих пәнінің мұғалімі Лариса Бердіғалиева мен қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Замзагүл Тәжіғалиева жетекшілік етті.

Тақсай ханшайымының таңғажайып сырларына бойлаған 10-сынып оқушысы Айша Жоламанова «Менің кіші Отанымның символы» аталымында құнды мұраны әлемге паш ету үшін жасақтаған аннимациялық бейнеролигін таныстырды. Дала көшпенділерінің өркениетінен сыр шертетін жұмыс жүлделі бірінші орынға лайық деп танылды. Автор ұстаздары, ғалыми жоба жетекшілері тарих пәнінің мұғалімі Дина Ашимова мен жаһандық перспективалар және жобалау жұмысы пәнінің мұғалімі Ұлжанай Сағаденоваға алғысын жеткізді.

– Египеттік пирамидаларды бәріміз білеміз. Ал онымен қатар тұратындай біздің өңірдің алтын адамы  – дала пирамидасынан табылған Тақсай ханшайымы біздің визит картамыз болуға лайық,  – дейді жас зерттеуші.

«Менің кіші Отанымның тарихы» аталымында бақ сынап, екінші орынды иеленген 9-сынып оқушысы Айша Жексембиева қайсар қаламгер, «Ақ Жайық» трилогиясының авторы Хамза Есенжанов дүниеге келген Сарыөмір ауылын бейнерепортажына арқау етіпті.  Ол репортажында Батыс Қазақстан облысындағы ең терең, ірі су айдыны Шалқар көлінің туристік кластер орталығы бола алуы жөніндегі перспективалық жайттары, оның экологиялық жағдайы, қойнауы құпияға толы Әлжан сорының және ондағы құлпытастардың өлке тарихындағы орнын зерделеді. Жоба жетекшілері –тарих пәнінің мұғалімі Арайлым Магзумова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Алтынзер Ихсанова және география пәнінің мұғалімі Нұрбол Мулдагалиев.

Айдана Хамидуллина

Орал қаласы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *