Біліктілігі мен шеберлігі қатар үйлескен сақшы

Ағымдағы жылдың 2 қарашасы күні  Орал қалалық полиция басқармасына хабарласқан бір азамат пәтерінен қымбатқа бағаланатын ұялы телефонының ұрланғаны туралы хабарлаған.

Ұрлық орын алған мекенжайға Абай полиция бөлімінің жедел тергеу тобы дереу жетіп, полиция қызметкерлері дәл осы күні сағат 14.15 пен 15.30 аралығында Ч.Набережная көшесіндегі бір үйге кірген белгісіз тұлғаның ұрлыққа түскенін, үй иесінің айтуынша корпусы қара түсті «Самсунг-Галакси» маркалы ұялы телефонын ұрланғанын тіркеді.

Осы топ құрамындағы криминалист Аслан Джанбаев күдіктіні дереу анықтау мақсатында бірнеше айғақ заттарды бөлімге алып қайтқан. Сонымен қатар, криминалист осы тұспен жүруі мүмкін, осы бағытқа шығып жасырынуы мүмкін деген бірнеше іздерді жинақтаған еді. Айғақ белгілерді мұқият қарады. Абай полиция бөліміне келген жедел криминалистикалық бөлімшенің криминалисі, полиция аға лейтенанты Аслан Тимурұлы іздерді анықтау мақсатында кәсіби шеберлігі мен біліктілігін аямады. Бөлімдегі қызмет кабинетіне келген криминалист іздерді өз саласы бойынша анықтап, зерделеді. Жарты сағат ішінде барлық іздерді базаға енгізген полиция қызметкері бұл саусақ пен алақан және аяқ киім іздерінің кімге тиесілі екенін тапты. Күдікті 2003 жылы туылған, еш жерде жұмыс жасамайтын Ә.есімді Орал қаласының азаматы болып шықты. Үй иесі 1980 жылғы Р.есімді азаматқа 100 мың теңгеге жуық материалдық шығын келген. Күдікті деп танылған азаматты жедел уәкілдер іздеп, бөлімге жеткізіп, сұрақ-жауап алғанда ол ұрлық жасағанын мойындады. Ұрлыққа қалай дайындықпен барғанын, үйде кісі болмайтын уақытты аңдып жүргенін баяндап берген. Осы ұрлық фактісіне сай Қазақстан Республикасы қылмыстық кодексінің 188 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу амалдары жүргізілуде.

Осы істі шеберлікпен атқарған Аслан Тимурұлы Абай полиция бөлімі жедел криминалистикалық бөлімшесінің криминалисі лауазымында өз қызметін мінсіз атқаруда. Бұл күнде жүктелген тапсырмаларды сапалы атқарып, уақытылы орындайтын, жауапкершілігі жоғары қасиеттерімен көзге түскен Асланның алғашқы еңбек жолы 2014 жылдан бастау алады.

2014 жылы сержант шенімен кіші жедел уәкіл лауазымына тағайындалды. 2016 жылы Орал қаласындағы жоғары оқу орынын тәмамдап, офицерлік шенге көтерілді. Салмақты, әр іске байыппен қарайтын Аслан Тимурұлы 2019 жылы криминалистік бөлімшеге қызметке тағайындалды. Жыл басынан бері бірнеше қылмыстар мен құқық бұзушылықтар, пәтер ұрлығы криминалист полиция аға лейтенанты Аслан Джанбаевтың кәсіби шеберлігі мен шапшаңдығы арқасында ашылды,-деді Орал қ.ПБ жедел криминалистік бөлімнің бастығы полиция майоры Талғат Махамбетов.

Талғат Махамбетұлы бөлімдегі қызметкерлердің кәсіби біліктілігін көтеру және іс-тәжірибе алмасу мақсатында семинар-оқуларға қатысуларын күн тәртібінен түсірген емес. Олай дейтініміз, Аслан Тимурұлы ағымдағы жылдың қазан айында ҚР ІІМ ұйымдастырған кәсіби біліктілік көтеру курсына онлайн режимінде қатысып, оқыған білімін іс жүзінде жүзеге асырды. Оқу соңында сынақ тапсырып, өте жоғары көрсеткішке қол жеткізді. Жұмыстары үздік деп бағаланып, ҚР ІІМ тарапынан оң қолдауға ие болды. Алдағы күндері суық қаруларға зерттеу мен зерделеу жасауға рұқсат берілді. «Жас келсе, іске»,-демекші, полиция қызметінде 7 жылдай еңбек өтілі бар, ұжымында беделді, еңбекқор, үнемі ізденіс үстінде жүретін криминалист А.Джанбаев жыл басынан бері өз ізденісімен 28 қылмыс ашты.

Отбасының қамқоры, екі ұлының ардақты әкесі, ұжымының сыйлы маманы атанған Асланның алар асуы алда. Қауырт қызметі табысты болсын!

Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *