
Мемлекеттік қызметтерді көрсету кезінде азаматтардың құқықтарын сақтау және бұзылған құқықтарды қалпына келтіру ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің негізгі бағыттарының бірі.
Мемлекеттік аппараттың басты міндеттерінің бірі — азаматтардың қажеттіліктеріне бағдарланып, мемлекеттік қызметтердің қолжетімді әрі сапалы көрсетілуін қамтамасыз ету. Бұл ретте заңдылықты сақтау және қызмет алушылардың құқықтарын қорғау ерекше маңызға ие.
Осы бағытта Департамент азаматтардың өтініштерін қарайды, мемлекеттік органдарға қатысты тексерулер жүргізеді және ақпараттық жүйелер арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерге қашықтан мониторинг жасайды.
Ағымдағы жылдың өткен кезеңінде қашықтан мониторинг нәтижесінде 340 қызмет алушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Ал жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша тағы 616 азаматтың құқықтары қалпына келтірілді.
Жұмыстың нәтижесін нақты мысалдардан көруге болады.
Мәселен, облыстағы медициналық ұйымдардың азаматтарды алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін ұйымдарға бекітуден негізсіз бас тарту фактілері анықталды. Департаменттің араласуынан кейін бұзушылықтар жойылып, 920 азамат тиісті медициналық ұйымдарға бекітілді.
Жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс салаларында да азаматтардың құқықтарына қатысты мәселелер анықталды. Атап айтқанда, жер учаскелеріне құқық беру туралы өтініштерді қарау кезінде негізсіз бас тарту фактілері орын алған. Департаменттің ұсынымдары негізінде 30 шешім қайта қаралып, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жаңа шешімдер қабылданды.
Департамент басшысы М. Байсаловтың айтуынша, көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын сақтау мемлекеттік органдар жұмысының тиімділігін бағалауда маңызды көрсеткіштердің бірі.
«Әрбір анықталған құқық бұзушылық бойынша уақтылы шара қабылдау қажет. Негізгі міндет — мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін, сапасын және заңдылығын қамтамасыз ету», — деді Департамент басшысы.
Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасын бақылау және азаматтардың бұзылған құқықтарын қалпына келтіру бағытындағы жұмыс жалғасады. Департамент қашықтан мониторинг жүргізу, тексеру және азаматтардың өтініштерін қарау арқылы анықталған бұзушылықтарды жою бойынша тиісті шараларды қабылдайды.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаменті
