Оралдағы Зияткерлік мектепте қос жыр бәйгесі өтті

Қазақтың ұлы ағартушысы Абай Құнанбайұлының шығармашылығын дәріптеу мақсатында өткен сайыста мектеп оқушылары ақынның өлеңдерін, мектеп қызметкерлері ойшылдың қара сөздерін, ал ата-аналар поэмаларын жатқа айтудан жарысқа түсті.

Облыстық көркемсөз оқуларында қарсыластарынан оза шауып жүрген 7-сынып оқушысы Ерасыл Жүсіптің бұл жолы да бағы жанды. Абайдың 40 өлеңін жатқа білетін жас зияткер бас жүлдені қанжығалап, электронды самокатқа ие болды. Ал Манашевтар әулетінде бұл –  биылғы жылдағы екінші бас жүлде. Мектеп қызметкерлері арасында Абай қара сөздерін оқудан үздік атанған кіші қызметкер Айман Манашева қызы Азиза Манашеваның жақында республикалық Абай оқуларында жеңімпаз атанғанын айтады. Қазақ әдебиетін сүйіп оқитын жанұя ақын рухына осылайша тағзым жасапты. Жеңімпазға демалыс орнына жолдама табыс етілді. Жыр бәйгесінде ата-аналар да қалыс қалмады. Әсіресе, ақынның барлық поэмасын жатқа айтатын Вероника Қожина қазылар алқасын тәнті етті. Вероника Ибрагимқызы Абай мұрасын қазақ руханиятының бренді, сарқылмас қазынасы деп білетінін жеткізді. Жеңімпазға ақынның кітаптары табысталды.

Айта кетейік, ұлы ойшылдың 175 жылдығына орай Оралдағы Зияткерлік мектепте «Абай әлемі» цифрлы бұрышы ашылып, аймақтық сурет көрмесі, сонымен қатар «Абай – жаһандық азамат» дөңгелек үстелі, дәрістер мен интеллектуалды шаралар ұйымдастырылған болатын.

Ал қазақтың жыр-аққуы Марфуға Айтқожина шығармашылығын дәріптеу мақсатында мектеп оқушылары арасында өткен жыр бәйгесінің жеңімпазы болып 11-сынып оқушысы Есбол Әбілқайыр атанды. Ақынның 30-дан астам өлеңін жатқа айтқан Есболға велосипед табыс етілді. Қытай өлкесінде дүниеге келіп, 22 жасында ата-баба мекеніне табан тіреген ақынның әкесі бала Марфуғаға жастайынан Абай, Ілияс, Қасым және басқа да қазақ ақындарының шығармашылығымен таныстыруға талпынған. Ақынның жыр гауһарын шашқандай ерекше шабытқа бөленіп жырлайтын тақырыбы табиғат лирикасы екен.

Былтырдан бері Назарбаев Зияткерлік мектептерінде «Ұлы дала ақындары» жобасы жүзеге асып келеді. Жоба аясында Оралдағы Назарбаев Зияткерлік мектебі Марфуға ақынның шығармашылығын терең зерделеуде. Осыған дейін қазақ поэзиясына жауһар жырлар сыйлаған, жаны сұлулыққа құмар ақын туралы жас зияткерлер бейнероликтер топтамасын дайындаған болатын.

Айдана Хамидуллина,

Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз хатшысы

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *