АРДАГЕР АҒА АЛДЫҢДА ТҰРСЫН


Басқармадағы жас қызметкерлердің бойына халқымыздың асыл қасиеттерін сіңіру, үлкенді сыйлау, өз ата – бабасын ұмытпай сақтау үшін және салт – дәстүрден нәр алып өсуіне, инабаттылыққа, жақсы мен жаманды ажырата білуге аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу, бойларына патриоттық тәрбиені сіңіру мақсатында Орал қалалық Полиция басқармасының ЖПҚб Патрульдік полиция батальоны басшыларының қолдауымен әрі бастамасымен біркелкі іс-шаралар атқарылып, мағыналы кездесулер, мәнді ой қозғалған жиындар өтуде.

Осы сөзіміздің дәлеліндей, жуықта саналы ғұмырын ішкі істер органына арнап, тер төгіп қызмет еткен, бұл күнде жас қызметкерлерге көрген-білгенін айтып, бөлісетін ақылдың кенін арқалаған айбынды ардагерлер, полиция подполковнигі шеніне дейін жоғарылаған Насимуллин Бөкенбай Бисенбайұлын, Сукешов Серікболат Самиғоллаұлын ППБ басшы құрамы шақырып, «Ардагер аға алдыңда тұрсын» атты керемет кездесу ұйымдастырды. Орал қ.ПБ ЖПҚб ППБ командирінің орынбасары полиция майоры Жеңіс Нұрмұхановтың өз қолдауымен әрі ұйымдастыруымен өткен кездесуде алғаш сөз сөйлеген командир полиция подполковнигі Берік Мулдашев бұл кездесудің маңыздылығын баса айтты. 2009-2014 жылдар аралығында батальонның командирі болған Б.Насимуллиннің және 2014-2017 жылдар аралығында басшы болған С.Сукешовтің өмір жолдары, полиция қызметіндегі өсу баспалдақтары мен қызметтегі жетістіктері туралы кеңінен баяндады.

Келесі ретте сөз алған командирдің орынбасары Жеңіс Темірханұлы қызметкерлердің адамгершілік және кәсіби қасиеттерін қалыптастыру бойынша жеке құрам арасында мақсатты идеологиялық және тәрбие жұмыстарын жүргізу үшін бұндай кездесулердің мәні зор екенін айтып, кәсіби шеберлік шыңдау, іс-тәжірибе алмасуда таптырмас жиын екеніне тоқталды. Ел мүддесін бәрінен биік қоятын, өзінен кейінгі ізіне ерген інілеріне ізеттігін аямайтын, ізінен ерген ұрпағына ұлылығын ұялатып, бір ұжымға бас-көз бола білген бұл күнгі ардагерлердің орыны ерекше. Жас қызметкерлерге сөзі берекелі, ісі тыңғылықты, ойы терең, ақылы телегей теңіз ағалар өз сөздерінде қызметте кездескен қиындықтардан шығу жолдары, азаматтармен ілтипатты қарым-қатынас жасай білу жөнінде айтты. Көпке үлгі, жас қызметкерлерге айтар тәжірибеге бай Насимуллин Бөкенбай Бисенбайұлына, Сукешов Серікболат Самиғоллаұлына Орал қ.ПБ бастығының бірінші орынбасары полиция подполковнигі Жантемір Иманалиев, ППБ командирінің орынбасары Жеңіс Темірханұлы Орал қ.ПБ басшылары мен ППБ жеке құрамының атынан ризашылығын айтып, кездесуге келгендеріне алғысын жеткізді.
ППБ командирі полиция подполковнигі Берік Мулдашев ардагерлерге салтанатты түрде «Алғыс хат» тапсырды.
-Жеке құрамның патриоттық сезімін ояту, қызметіне деген құштарлыққа баулу, мемлекетіміздің игілігі жолында мінсіз қызмет атқаруға тәрбиелеу мақсатындағы бұндай жылы жүзді кездесулер желтоқсан айында да жалғасын табады,-дейді полиция майоры Жеңіс Нұрмұханов.


Орал қалалық ПБ баспасөз қызметі

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *