198 оралдық жаңа пәтер кілтіне ие болды

 Оралдықтар Тұңғыш Президент күні мерекесі қарсаңында көптен күткен баспаналарына қол жеткізді. Зашаған кентінде бой көтерген тұрғын үйді пәтер алушылар сатып алу құқығынсыз жалдап тұрады.

«Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы бойынша  9 қабатты көппәтерлі арендалық тұрғын үй кезекте тұрған көпбалалы отбасылар мен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға берілді. БҚО  әкімі Ғали Есқалиев тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға пәтер кілтін табыстап, қуаныштарымен бөлісті.

– Құрметті жерлестер! Баршаңызды 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын. Осы атаулы мерекеге орай бүгін сіздерге керемет қуаныш сыйлағалы отырмыз. Мұның да өз символикалық мәні бар. Өйткені, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы – тікелей Елбасының бастамасы. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға ортақтасып келіп жатырмыз. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын, шаңырақтарыңыздан сәбидің күлкісі кетпесін, – деді облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы.

«Болашақ –Т» ЖШС мердігер мекемесі құрылысын жүргізген көппәтерлі тұрғын үйде барлығы 198 пәтер бар. Пәтерлер ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының талаптарына сай 11 санат бойынша берілді.

«Көпбалалы ана» санаты бойынша жаңа пәтер иесі атанған Қарлығаш Закарина отыз жылдан астам ұстаздық қызмет еткен. Бүгінгідей қуанышты күнде сөз алған зейнеткер ақ тілегін арнады.

– Бүгін көптеген жанұя үшін үлкен қуаныш. Осындай мүмкіндікке ие қылған облыс және қала әкімдеріне алғыс айтамыз. Еліміз ауру-сырқаудан аман болып, әрі қарай дами берсін. Барша пәтер иелерін қуаныштарымен құттықтаймын, – деді.

Гүлзинат ҚИБАТОВА

Дастан БИЖАНОВТЫҢ суреттері

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *