Батысқазақстандық боксшы ел чемпионы атанды

Жуырда Шымкент қаласында өткен бокстан ерлер және әйелдер арасындағы Қазақстан чемпионатында жерлесіміз Даниял Сәбит чемпион атанды.

Бүгін БҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қаймен Есендияров және спортшылардың туыстары, достары  ел чемпионы атанған Даниял мен өзге де спортшыларды салатанатты түрде қарсы алды.

Аталмыш чемпионатқа өңірімізден сегіз боксшы қатысқан. Чемпионатта ең жас қатысушы Даниял болыпты. Соған қарамастан төрт кездесу өткізген ол алғашқысында өз қатарласымен жұдырықтасса, финалда бес дүркін Қазақстан чемпионы, 31 жасар ақмолалық боксшы Теміртас Жүсіповті айқын басымдықпен ұтқан. Сонымен бірге жарыс қорытындысында спортшыға «Ең жас боксшы» аталымы беріліпті.

– Өте керемет сезімдемін. Алайда бұл жеңіс оңайға соққан жоқ. Финалдағы қарсыласымның тәжірбиесі мол боксшы болды. Алла қолдап, жеңіс маған бұйырды. Ендігі мақсат – әлем және Азия чемпионы атану, – деді Даниял.

Даниялдың бапкері – аға жаттықтырушы Саттар Сұлтанғалиев.

– Даниял бұған дейін жастар құрамасында болды. Ұлттық құрама жаттықтырушысы Ғалым Кенжебаевтің рұқсатымен топқа қосылды. Өзіне артылған үмітті ақтап, ел чемпионы атанды, – дейді бапкері Саттар Аманқосұлы.

Даниял – Оқушылар және жастар сарайының жанындағы Д.Елеусінов атындағы бокс орталығының тәрбиеленушісі. Ол бұған дейін де талай байрақты бәсекелерде топ жарды. Шымкент қаласында өткен қысқы Қазақстан чемпионатының  жастар арасында чемпионы, жастар құрамасының мүшесі. КСРО-ның спорт шебері Асқар Сатыбаевты еске алуға арналған  ХІІ халықаралық бокс турнирінде 2001-2002 жылы туған жастар арасында  жүлделі бірінші орынға ие болып, «Үздік боксшы» атағын жеңіп алған.

 Аталмыш чемпионатта топ жарған жерлесіміз Даниялды жеңісімен құттықтап, байрақты бәсекелерде ел абыройын асқақтата берсін демекпіз!

Гүлзинат ИБРАГИМҚЫЗЫ

Оставьте ответ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *