«Қазақстанда діни сенім бостандығы бойынша адам құқықтарының сақталуы» тақырыбында ұйымдастырылған баспасөз мәжілісінде «Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығының төрағасы Қанағат Нұрмұхамбетов «Иегово куәгерлері» діни бірлестігінің қауіптілігі жайында сөз қозғады.
Ағымдағы жылдың қыркүйек айында Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының демократиялық институттар мен адам құқықтары жөніндегі дәстүрлі кеңесіне қатысқан орталық төрағасы Қ.Нұрмұхамбетов еліміздегі қоғамдық қауіпсіздік, конфессияаралық келісім, дінаралық жағдай, кейбір түйткілді мәселелер жайында мәлімдеме жасаған. Баяндамасы әлемдік басқосуда оғ бағаланған төраға өңірлік журналистерге «Иегово куәгерлері» діни бірлестігінің қоғамға қауіптілігі, олардың ұстанған бағытының дәстүрлі дінге қайшылығы жөнінде айтты.
– Аталған діни бірлестіктің көпшілік шараларына Алматы, Ақтөбе, Қостанай, Тараз, Шымкент қалаларының тұрғындары жаппай қарсылық көрсетті. Ал Ақтөбеде қоғамдық тәртіпті бұзбақшы болған «Иегово куәгерлері» тобы мен тұрғындар арасындағы жанжал тәртіп сақшыларының дер кезінде араласуымен тоқтатылды. Мұндай оқиғалар теріс діни ағым өкілдерінің қоғамдық орындардағы азаматтар арасында, олардың діни көзқарасын ескерместен өз ұйымдарын шамадан тыс насихаттауына тұрғындардың наразылығынан туындайды деп ойлаймын, – деді Қанағат Нұрмұхамбетов.
«Ақжайық» адам құқықтарын зерттеу орталығы ұстанған бағыты беймәлім діни топтарға зерттеу жүргізіп, ондағы адам құқықтарының тапталу фактілерін анықтамақ ниетте. Бұл ретте олар зардап шегушілерден түсетін шағымдарды негізге алады. Орталық басшысының айтуынша, жыл басынан бері оларға еліміздің Батыс Қазақстаннан өзге әр өңірінен осындай мазмұндағы 22 хат жолданыпты. Келген хаттар өкілетті органдарға тапсырылыпты.
Жиында сөз алған «Регион Евразия» газетінің тілшісі Жанар Дәулетова теріс діни ағымдардың қоғамға қауіптілігі тақырыбында мақалалар жазып жүргенін, топ мүшелерінің арасында балаларға зорлық-зомбылық көрсету, туған анасын мерт қылу сынды жантүршіктірер жағдайлар көптеп кездесетінін жеткізді.
Баспасөз мәжілісін ұйымдастырушылар азаматтардың осындай қоғамға қауіпті діни ұйымдардың шырмауына түсіп, зардап шегуінің алдын алуды мақсат тұтқандарын мәлімдеді.
Ләззат ҚАЖЫМОВА