Орал қаласында «Бір көше – бір тарих» кітапханалық жобасы аясындағы кезекті шаралар Қаратөбе ауданынан шыққан танымал тұлғаларға арналды.
Олар – халық композиторы, әнші-ақын, домбырашы Мұхит Мерәліұлы, ҚР Мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткер, әнші Ғарифолла Құрманғалиев және тілші ғалым Отарәлі Бүркітов.
Шаһарымыздағы Ғ.Құрманғалиев ескерткішінің жанында өткізілген «Ән еркесі – Ғарифолла» атты сазды-танымдық шарада алдымен сөз алған Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасы директорының орынбасары Нұргүл Сағынова жоба өз жалғасын табатынын жеткізді.
– Облыстық кітапхананың бастамасымен «Бір көше – бір тарих» жобасы аясында Орал қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің қолдауымен үлкен шаралар өткізілуде. Сол арқылы өңірімізден шыққан, осы топырақта дүниеге келіп, елі үшін елеулі еңбек еткен тұлғаларды бүгінгі ұрпақпен қауыштырып жатырмыз десек болады. Яғни, қала көшелеріне есімдері берілген дарын иелерінің есімін ұлықтап,олардың бай мұраларын насихаттаудамыз, – деді Нұргүл Аяпқызы. Сол шаралардың бір легін Қаратөбе аудандық орталықтандырылған кітапханасымен бірлесе сол аймақтан шыққан танымал тұлғаларға арнағандарын айтты.
Ұлы адамды ұлықтауға жиналғандар біртуар өнер иесі Ғарифолла Құрманғалиевтің рухына тағзым етіп, айтыскер ақын Шолпан Қыдырниязова мен ақын-ұстаз, «Ақберен» жас ақындар мектебінің жетекшісі Талап Таймасұлы жезтаңдай әншінің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында Ғ.Құрманғалиевтің өмір жолы, шығармашылығы жайында ақпарат берілді. Ал ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, айтыскер ақын Шолпан Батырқызы: «Қазақтың өнерін сүйген, артына өлмес мұра қалдырған, тума талант, табиғи дауыс иесі Мұхиттың өнерін өлтірмей бүгінгі күнге жеткізген Ғарифолла Құрманғалиевтің еңбегі ерекше» деп, атап өтті.
Кеште сал Мұхиттың шығармаларына, Ғ.Құрманғалиевтің әндеріне де кезек берілді. Тағылымды шара Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі Айбар Қайырхановтың орындауындағы «Атамекен» әнімен түйінделді.
Шараны зиялы қауым өкілдері, кітапханашылар және оқырмандар тамашалап, киелі халық өнерінің құдіретіне тағы бір мәрте қанықты.
Қаратөбе ауданының тарихымен байланысты танымал есімдерге арналған іс-шаралар «Ән құдіретін асқақтатқан Мұхит сал» атты әдеби-сазды кешпен және ғалым-ұстаз О.Бүркітовке арналған «Жаны жайсаң жақсы адам» атты портреттік кешпен жалғасты.
Ләззат ҚАЖЫМОВА