Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің зейнеткерлер мен мүгедектерге әлеуметтік қызмет көрсету аумақтық орталығы қайырымдылық айлығына орай мерекелік түскі ас ұйымдастырды.
Адамдардың ілтипатын, өздеріне деген пейілді қажетсініп тұратын қызмет алушыларға орталық қызметкерлері мерекелік дастархан әзірлеп, сый-құрмет көрсетті. Шараға аталмыш орталық директорының орынбасары Абзал Молдағалиев, бөлімше меңгерушісі Ботагөз Хасанова қатысып, ардагер әжелерді құттықтады. Ал арнайы шақырылған Ж.Молдағалиев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының бөлім меңгерушісі Зоя Нарудинова қоғамда аға буынның орны ерекше екенін айтты. – Бүгінде адамдар ұялы телефон мен компьютерге байланған заман. Сол себепті адамдарға қарым-қатынас жетіспейді. Кітапхана осы олқылықтың орнын толтыру мақсатын көздеуде. Келесі жылы – еріктілер жылында еріктілер қозғалысын пайдалану арқылы бірқатар шараларды жүзеге асыру жоспарымызда бар. Осы ретте аға буынның ақыл-кеңесі маңызды, – деді кітапхана маманы. Сонымен қатар өздерінің қорларындағы қарияларға пайдалы әдебиеттер жөніндегі ақпаратпен бөлісті.
Бір кездері осы салада жұмыс жасаған тыл ардагері Нина Горбачева кітапты көп оқитынын жеткізді. Өзара әңгімелесіп, біраз сергіп қалған кейуаналар кешті ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.
Орталық басшысының орынбасары А.Молдағалиевтің айтуынша, қайырымдылық шаралары мұнымен шектелмейді.
– Облыс әкімінің қаулысы негізінде қазан айы – қайырымдылық айлығы деп жарияланды. Осы айлық шеңберінде біздің қызметімізді пайдаланатын жалғызбасты қарияларға, мүмкіндігі шектеулі балалар мен азаматтарға қолұшын созу мақсатында ішкі жоспар жасақталды. Атап айтсақ, мерекелік дастархандар ұйымдастыру, жалғызбасты қарттарға үй шаруасына көмектесу, қысқы көкөністерін үйлеріне жеткізіп беру, азық-түлік пакеттерін үлестіру, мүгедек балаларды мәдени нысандарға апару сынды жұмыстар атқарылуда. Мұндай шарапаты мол істерге жастар, кәсіпкерлер, Ж.Досмұхамедов атындағы педагогикалық колледж еріктілері өз үлестерін қосуда, – деді Абзал Серікұлы газет тілшісіне берген сұқбатында.
Еске сала кетсек, аталмыш мекеме бүгінгі таңда 882 адамға қызмет көрсетеді. Оның ішінде 753-і – жалғызбасты қариялар, 82-сі – мүмкіндігі шектеулі балалар, 47-сі – психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан тұлғалар.
Қазан айындағы шарапаты мол мейірбандық күндері шеңберінде қызмет алушылардың барлығына қамқорлық көрсету жоспарланған.
Ләззат ҚАЖЫМ